МТРА жаңалықтары

Петропавлда Наурыз мейрамы кең көлемде тойланбақ

Облыс орталығында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтілмек. Наурызға орай шаһарда 3 күн бойы түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған қоса, 3 тонна палау, 700 келі бауырсақ, 300 литр қымыз әзірленіп, тойшы қауымға ұсынылмақ.

Наурыз мейрамына орай қаламыздың басты алаңы адам танымастай безендіріліп жатыр. Мұнда мамандар тарихымызды суреттейтін сарайдың алдыңғы бөлігін тұрғызуда. Әр жағында кіші архитектуралық мүсіндер орнатылған. Атап айтсақ, ортаға асық атқан балалар, аударыспақшылар, бүркітші қойылған. Бұл маңның көркеюі түсінікті де. Себебі, дәл осы жерден Ұлыстың ұлы күнін тойлау басталады.

Мафруза Науанова – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Наурыз мерекесін тойлау 21-і күні Тұңғыш Президент саябағынан бастау алады. Ол жерде сағат 12:00-де “Қош келдің, мерейлік Наурыз” атты ашылу салтанаты өтпек. Шарада көрерменге концерт ұсынылып, театрландырылған қойылым көрсетіледі. Тағы, басты алаңда қазақ күресінен, асық атудан, қой көтеруден және жілік сындырудан сайыс ұйымдастырылады. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы даланың жеті қыры мақаласын жүзеге асыру мақсатында 7 тақырыптық киіз үй құрылады.

Қаз-қатар тізілген киіз үйлердің бірі облыстық кітапхана ұжымына тиесілі. Мамандар мұнда Ұлы даланың жеті қыры мақаласына байланысты “Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны” атты көрме ұсынбақ. Ал, қалғандары болса ежелгі металлургияны, атқа міну мәдениетін суреттейтін деректер ұсынбақ. Тағы, жұртшылық осы жерде шеберлер ауылы атты фестивальді де тамашалай алады.

Байболат Бектемірұлы – тілші: 

– Әз Наурызда қаламызға қонақтар келмек. Ұлыстың ұлы күнінде Қызылжарға алғаш рет Ресейдің Түмен, Омбы, Қорған қалаларынан және Теміртаудан қолөнер шеберлері ат басын бұрмақ. Олар солтүстікқазақстандықтарға өздері әзірлеген заттарды көрсетеді. Оған қоса шеберлік сағатын өткізіп, қызықты әрі көз тартарлық дүниелерді әзірлеу әдістерін көрсетпек.

Басты алаңнан бөлек, 21-і күні Наурыз мейрамы Конституция көшесі бойында да тойланады. Қалалық әкімдік алдында концерт ұсынылып, спорттық ойындар ұйымдастыру жоспарланып жатыр. Тағы, Жұмысшы кентінде, City Mall сауда-ойын-сауық орталығында, Абылайхан резинденциясында да мерекелік шаралар өткізіледі.

Мафруза Науанова – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Наурыздың 22-сі күні де ауқымды іс-шаралар өтеді. Басты алаңда Нұрлан Абдулиннің қатысуымен концерт қойылады, қызғалдақтар фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль аясында “Богатырский продукт” серіктестігі тұрғындарға 10 мың дана лотереялық гүл сыйламақ. Осы гүлдер бойынша жалпы құны 500 мың теңге болатын сыйлықтар ойнатылады.

22-сінде орталық алаңда да концерт ұйымдастырылады. Мұнда басымдық өскелең ұрпаққа берілмек. Айтар болсақ, Жастар жылына байланысты 2 киіз үй тігіледі. Тағы, балалар фестивалі өтеді, ойындар ойнатылып, салт-дәстүр көрсетілмек. Жерлестеріміз болса мерекені асыға күтіп жүр.

–  Наурыз қарсаңында қаламыз көркейе түсті. Мерекені жұртшылықпен бірге тойлауға келеміз.

– Наурыз – өте тамаша мейрам. Осы күндері әр жыл сайын алаңға келіп, концерт көреміз, дәмнен ауыз тиеміз. Өзіме мереке ұнайды.

Айта кетейік, наурыздың 23-і күні де қаламызда түрлі мерекелік шаралар өтеді.

Байболат Бектемірұлы