Қоғам

Мұнаймаштықтар Наурыз мерекесін атап өтті

Ұлыстың ұлы күнін – әз Наурызды “Мұнаймаш” зауытының қызметкерлері де бір адамдай болып атап өтті. Жұмысшылар бір-бірін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ал өндіріс ошағының жастары болса, шағын концерттік бағдарлама ұсынды.

Жастар жағы мерекелік концерт ұйымдастырып, жиналғандарға Наурыз мейрамы туралы айтып берді. Бұл күні дастарханға қойылатын тағамдар мен ойналатын ойындар да сөз болды. Бүгінде өндіріс ошағында 150-ге жуық адам еңбек етуде. Ұлыстың ұлы күнін кәсіпорын қызметкерлері жыл сайын тойлайды екен.

– Барша халықты Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Зауытымыз өркендеп, еліміз гүлдене берсін.

– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Баршамызға құт-береке әкелсін.

Биыл қазақ халқының жаңа жылын атап өтуге облыстық мәслихат өкілдері де ортақтасты.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихаттың хатшысы:

– Сіздердің ұжымдарыңызда сонау 1941 жылдан бері барлық халықтардың дәстүрлері мен мерекелері тойланып келеді. Әрбір отбасыға бақыт, береке тілеймін. Жұмыстарыңыз табысты болып, кәсіпорынның қуаты арта берсін.

“Мұнаймаш” зауыты ҰОС басталған жылы теріскей өңіріне эвакуацияланған болатын. Сол уақытта кәсіпорын қорғанысқа қажет өнімдерді шығарумен айналысқан. Кейін бейбіт заманның талабына сай өндіріс бағытын өзгертіпті. Қазір мұнда мұнайды жерден өндіруге арналған сорғылар жасалынады. Бір жылдың ішінде мамандар жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын тауар өндіреді екен. Акционерлік қоғам еліміздің қара алтынмен айналысатын іргелі компанияларының барлығымен дерлік жұмыс істейді. Осылайша, қазақстандық нарықтың 90 пайызын теріскейлік қондырғылармен қамтамасыз етіп отыр.

Фёдор Дмитриев, «МҰНАЙМАШ» АҚ бас инженері:

– Зауыт қарнақты сорғылар шығарады. Жыл сайын 6-7 мың данасын әзірлеп, мұнай өндірілетін жерлерге жібереміз. Биыл 1,5 млрд теңгені құрайтын келісімшартқа отырдық. Құрылғыларды ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында-ақ жөнелтпекпіз. Қондырғыларымыздың сапасы жақсы. Ол тереңдігі 2 мыңдай болатын жерден қара алтын өндіре алады.

Отандық нарықта орныққан кәсіпорын экспортқа тауарды көптеп шығаруды көздеп отыр. Әзірге, Ресей Федерациясы тек қосымша бөлшектерді ғана сатып алады екен. Мұнаймаш былтыр көршілес елге 60 млн теңгенің өнімін өткізген.

Эльмира Садвокасова