МТРА жаңалықтары

Елбасының сарабдал саясаты

Елбасы салған сара жолдан таймау керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың / Қазақстанның даму жолындағы, іргелі ел болуындағы сіңірген еңбегі орасан зор. Кеше Тұңғыш Президенттің өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуы теріскейліктер үшін күтпеген жайт болды. Десе де, жергілікті халық Ұлт көшбасшысының осыған дейін жүргізген сарабдал саясатын талқылап, Елбасыға деген алғыстарын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімі қазақстандықтар үшін, одан қалды бүкіл әлем үшін күтпеген жаңалық болды. Ел тізгінінде 30 жыл отырған Елбасы күні кеше ғана тікелей эфирде күллі қазақ жұрты алдында мемлекет басшысы ретінде соңғы жарлығына қол қойды.
Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін дағдарыстағы Қазақстанды жаңадан аяққа тұрғызды, небәрі ширек ғасырдың ішінде сарабдал саясатымен ел экономикасын тұрақтандырды. Бұқараны сапалы білім және медицинамен қамтыды, ұлтаралық келісімді нығайтты. Айта берсең тізе беруге болады. Бүгінде отандастарымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған істерін, мемлекетті дамытудағы өлшеусіз еңбегін саралап, Елбасының арқасында еліміздің жеткен жетістіктерін тілге тиек етуде.

Жанар Таласпаева – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ саяси бюросының мүшесі:

– Осы жылдар ішінде біздің еліміз үлкен-үлкен халықаралық ұйымдарға мүше болды. Елорданы Арқаға ауыстырудың өзі Елбасының көрегендігін көрсетеді. Зияткерлік мектептер, әлемдеік деңгейдегі үлкен ЖОО-лар салынып, бүгінгі күні жастарымыздың көзі ашық, көңілі ояу. Сол үшін баршамыз Елбасымызға алғысымызды білдіреміз.

Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін мерізімінен бұрын тоқтатып, ел тарихының тағы бір парағын аударды. Ендігі тізгінді кейінгі буынға беру қажет деді ол. Бұл – мемлекет болашағын ойлайтын нағыз көшбасшының шешімі дейді жерлестеріміз.

Жарасбай Сүлейменов – «Солтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры:

– Өзіміз байқап жүрміз, Елбасы әлі тұғырдан тайып тұрған жоқ, бойында күш қуаты мен денсаулығы, әлі де жұмыс істейтін мүмкіндігі бар. Соған қарамастан осындай шешім қабылдап отыр. Дұрыс та шығар. Өйткені өзінің жанындағы сенімді серіктерін іске тарту, ізбасарларының қанат қағуына мүмкіндік жасау азаматтық шешім деп ойлаймыз.

Президенттік постты босатқанымен, саясаттан Нұрсұлтан Назарбаев түкпілікті кеткен жоқ. Халық қамы үшін әлі қызмет жасамақшы. Ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясының көшбасшысы қызметін жалғастырмақ. Оған қоса Конституциялық кеңестегі мүшелігін де сақтап қалды.

Ескендір Елеусізов – Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Кеше ол кісі айтып өтті, біздің елде 30 дамыған елдің қатарына қосылу үшін бағдарлама құрылған, 2050 жылға дейін бағдарлама жасалған. Олар лек-легімен, кезек-кезегімен іске асып келе жатыр. Ол әрі қарай жалғаса береді. Қазақстан халқына, біздерге ойланатын-толғанатын еш нәрсе жоқ, болашағымыздың жарқын болатынына сенуіміз керек.

Ата Заңымызға сәйкес Президент өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң мемлекет тізгіні келесі сайлауға дейін Парламент Сенатының төрағасына өтті. Келер жылы Қазақстан халқы жаңа Президентін сайлайды. Ал оған дейін республикамызды тәжірибелі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады.

Саят Ермек