Қоғам

Петропавлда интеллектуалдық ойын өтті

Білім мен логиканың сыналар сәті. Петропавлда кезекті брейн-ринг сайысы өтті. Додаға студенттер, “Жасыл ел” жасағының сарбаздары, тәртіп сақшылары мен аға буын өкілдері қатысты. Интеллектуалдық ойында олар тарих, география, логика бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, тапқырлық пен ой жүйріктігінен сынға түсті.

Қазақ халқының үш биін атаңыз. Бұл интеллектуалдық сайыстың алғашқы сұрағы. Сауал өте оңай. Сондықтан, қатысушылар да жауаптарын бірден қағазға түсіріп, қазылар алқасына тапсырды. Келесі сұрақтар күрделене бастады. Бірі аға буын өкілдеріне жақсы таныс болса, екіншісін жастар жағы лезде тауып жатыр. Мәселен, Джоан Роулингтің «Кубок огня» кітабының жазылу реті қандай? Гарри Поттерді көріп өскен студенттер үшін ойланудың да қажеті жоқ. Алайда, қуануға әлі ерте. Алда ондаған сұрақ күтіп тұр.

Зарина Қожанова, СҚО жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

– Қатысушыларға 30 сұрақ дайындадық. Оларға жауап беру үшін командаларға 1 минут уақыт беріледі. Әрбір топ 4 адамнан құралған. Жалпы, ойынның форматы барлығына ұнайды. Шараны өткен жылдан бастап өткізудеміз. Тұрақты ойыншыларымыз да бар.

Брейн-рингке қатысуға жергілікті жоғарғы оқу орнының студенттері, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, тәртіп сақшылары мен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері ниет білдіріпті. Соңғылары сайысқа бірінші рет қатысып отыр. Олардың тарапынан қобалжу байқалмайды. Себебі, аға буын өкілдеріне жанкүйер болып келгендер мықты қолдау көрсетіп отыр.

Сәуле Тахметова – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Облыстық ардагерлер кеңесінен келген «Достық» командасын өзім құрдым. Сайысқа қатысуға тілек білдіргеннен кейін біраз дайындалдық. Әсіресе, интернетте бар логикалық сұрақтарды бір шолып шықтым. Біздің топ жеңіске жетеді деген ойдамын.

Жеңістен жалғыз «Достық» командасы ғана емес, сайысқа қатысушылардың барлығы үмітті.

Құралай Әбиева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Жарысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Жеңіске жетеміз деген ойдамын. Еңбек пен дайындық өз нәтижесін беруі тиіс.

Интеллектуалдық ойын жеңімпаздары грамота және естелік сыйлықтармен марапатталмақ.

 

 

Эльмира Садвокасова