Мәдениет

Наурыз мейрамына әзірлік

Өңірдегі мейрамханалар мен дәмханаларда әз Наурызға орай қызу әзірлік жүріп жатыр. Қоғамдық тамақтану орындарында мереке күндері келушілерге тегін ас ұсынылмақ. Оған қоса, шығармашылық ұжымдар ән салып, қонақтарға өнерлерін паш етеді.

Ағымдағы айдың 22-ші жұлдызында “Кампот” асханасы тұрғындарға есігін айқара ашпақ. Бұл күні қоғамдық тамақтану орны келушілерге тегін Наурыз көже ұсынатын болады. Қазір аталған дәмді дайындауды бас аспазы Маргарита Бакукина тиянақты түрде меңгеріп жатыр. Ол мейрамның басты тағамын бұған дейін әзірлеп көрмеген екен.

Дегенмен, Наурыз көже аз уақыттың ішінде дайын болды.

Маргарита Бакукина – “Кампот” асханасының бас аспазы:

– Жақында біздің асханамыз ашылғанына 1 жыл толды. Осыған орай Наурыз мерекесінде тұрғындарға тегін Наурыз көже ұсынамыз. Аталған дәмді дайындауды үйреніп алдым. Ол 7 түрлі тағамнан жасалады. Оны әзірлеу өте оңай екен.

Маргарита өзі әзірлеген көжені асханаға келген тұрғынның біріне ұсынып, алғысын алды.

Мейрамда “Кампот” қана емес, қаламыздағы басқа да мейрамхана, кафелер тұрғындарға дәм ұсынбақ. Олардың бірі – бауырсақ, екіншісі самса сынды тағамдарды тегін беруді жоспарлап отыр.

Андрей Фролов – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Мейрамда қаладан бөлек, өңір аудандарындағы кафе, мейрамханалар келушілерге тегін ас ұсынатын болады. Олар қазір бұған қызу әзірленіп жатыр. Оған қоса, өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарында әнші мен бишілер жұртшылықтың көңілін көтеретін болады. Өнерпаздар қазақ тілінде ән салмақ.

Айта кеткен жөн, бүгінде облыс орталығында 250-ге жуық, ал әр аудан орталығында 10-ға тарта кафе, ресторан бар.

 

Култанов Байболат