Мәдениет

Наурыз мейрамын тойлау аясында Қайырымдылық күні аталып өтті

Кітапханашылар Наурыз мейрамын тойлау аясында Қайырымдылық күнін атап өтті. Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған шараға отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері шақырылды.

Кітапхана алдында ыстық бауырсақтың иісі мүңкіп тұр. Ақжаулықты ана ошақ маңына жақындаған балаларға қазаннан енді түскен қып-қызыл бауырсақтан үлестіріп берді. Мәз-мейрам болысқан жеткіншектер кітапхана қарай жүгіре жөнелді. Мұнда шашу шашылып, ұл-қыздарға Құрманғазының “Балбырауын” күйі ойналды.

Ал мұнда кітапхана қызметкерлері жеткіншектерге қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы айтып қана қоймай, іс жүзінде көрсетуде. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен рәсімдердің бірі – сәбиді қырқынан шығару. Бұл күні үйге әйел адамдар жиналып, арасынан елге сыйлы үшеуі таңдалады. Олардың бірі -нәрестенің тырнағын, екіншісі шашын алады. Үшіншісі сәбиді қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді.

Әрбір қасық суды құйған сайын нәрестеге арналған ақ тілектер айтылып отырады.

Майра Мақышева – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының библиографы:

– Іс-шараның мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрін көрсету, Наурыз мерекесі жайлы түсінік беру, жас оқырмандарды патриотизмге баулу.

Қаз, қаз балам, қаз балам, қадам бассаң мәз болам. Бұл – бәрімізге белгілі тұсау кесу рәсімінде айтылатын өлең шумағынан үзінді. Дәстүрге сай көпшілік арасынан жүрісі жылдам, қимылы ширақ және іске епті адам таңдалып алынып, нәрестенің тұсауын кесудің соған тапсырады. Жалпы, бүгінгі шарадан балалар үлкен әсер алғандарын айтты.

– Маған тұсау кесу дәстүрі ұнады. Бұл әдет-ғұрып бойынша бала өзінің алғашқы қадамын жасайды. Және өзін қызықтырған затын таңдап алады екен.

– Бүгін бізге көптеген әдет-ғұрыптар жайлы айтылды. Қырқынан шығару дәстүрі туралы көп нәрсе білдім. Өзім де құр қол келген жоқпын. Кітапханаға арнап мынадай әдемі бұйым әкелдім.

Жиын соңында жеткіншектер қазақтың ұлттық тағамы – Наруыз көжеден дәм татты.

 

Молдир Шаяхмет