Білім

Мектеп оқушылар 7 тонна макулатура жинады

Надежда Крупская атындағы №10 орта мектептің оқушылары рекордтық көрсеткіштегі макулатура жинады. Аталған білім ошағының шәкірттері “Қалдықсыз планета” акциясына қатысып, 7 тонна қағаз тапсырған. Шара барысында белсенділігімен танылған балалар бүгін марапатталды.

Қаламызда “Қалдықсыз планета” атты экологиялық акция былтыр бастау алды. Оған №32 және 21-ші білім ошақтарының оқушылары қатысып, әрқайсысы 1 тоннадан артық макулатура жинапты. Ал, биыл шара Надежда Крупская атындағы №10 орта мектепте ұйымдастырылды. Мұндағы балалар өте белсенді екен. Олар қағазды жиғаны соншалық тіпті бірнеше тоннадан асып түскен.

Владислав Орлов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Оқушылар 1 айдың ішінде 7 тонна макулатура жинады. Оған қоса, жарамсыз электронды қондырғыларды да тапсырдыды. Енді, бұл дүниелердің барлығы Алматы қаласына жіберіледі. Сонда қайта өңделмек. Бұл ретте мектеп ұжымы да ескерусіз қалмайды. Қажетсіз заттарды тапсырғаны үшін білім ошағына төлем жасалады.

Айта кеткен жөн, “Қалдықсыз планета” акциясы байқау ретінде ұйымдастырылды. Яғни, шарада қай сынып көп макулатура жинайды, сол ұжым жеңіске жетіп, бағалы сыйлықққа ие болады деп бекітілді. Бүгін, міне қорытынды шығарылып, үздік атанғандар марапатталып жатыр.

Бірінші орын 6-шы және 10-шы Б сыныбының оқушыларына берілді. Себебі, олардың әрқайсысы 1 тоннадан артық макулатура тапсырыпты. Мәселен, соңғы аталған топ 1200 келі қағаз жиған екен.

Илья Спицин – Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектептің оқушысы:

– Біз макулатураны дүкендерді аралап жүріп жинадық. Шараға сыныптағы тек 4 бала қатысты. Қалғандары бәрібір де жеңіске жетпейміз деп, бізге көмектескен жоқ. Бірақ, бұған мойымай іске кірістік. Алдымен шанаға үлкен картон қорабын орнаттық. Соған күнде қағаздарды жинап, мектепке тапсырып отырдық. Нәтижесінде, міне 20 мың теңгенің сертификатына ие болдық.

Осыйлайша бұл еңбекқор балалар табиғатты қорғауға өздерінің өлшеусіз үлестерін қосып отыр.

 

 

Култанов Байболат