МТРА жаңалықтары

БЖЗҚ облыстық филиалы ашық есік күнін өткізді

Биыл еліміздің зейнетақы заңнамасына бірнеше өзгеріс енгізілді. Мәселен, шот ашу мен жарна аудару үрдістері жеңілдей түсті. Жаңашылдықтарды бүгін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жергілікті өкілдері бұқараға жеткізді.

Қор мамандары азаматтарға зейнетақы жүйесінде биыл орын алған өзгерістерді түсіндіріп жатыр. Сөздерінше, енді тұрғындарға жеке зейнетақы шотын ашу үшін филиалға келіп жатудың қажеті жоқ. Бәрі автоматтандырылған.

Ғалия Мұқанова – «БЖЗҚ» АҚ СҚОФ көшпелі қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

– 8-қаңтардан бастап зейнетақы шоты автоматты түрде ашылатын болады. Ол жаңа салымшымыздың БЖЗҚ-ға түскен бірінші жарнасынан кейін ашылады.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған отандастарымыздың, қарапайым тілмен айтқанда фрилансерлердің, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімі де жеңілдетілді.

Ғалия Мұқанова – «БЖЗҚ» АҚ СҚОФ көшпелі қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

– Азаматтық құқықтық сипатта жұмыс істеп, өзінің қызметін заңды түрде бекіткен болса, олар міндетті зейнетақы төлемдерін төлеуі керек. Ал азаматтық құқықтық сипатта жұмыс істеп, өзінің қызметін заңды түрде бекітпеген болса зейнетақы жарнасын төлеу олның міндеті емес, құқығы болып табылады.

Сондай-ақ, биылдан бастап елімізде фрилансерлер үшін бірегей жиынтық төлем енгізілді. Оның көмегімен жеке тұлға табыс салығын, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру қорына төленетін жарнаны бөліп-жармай, бір төлем арқылы аудара алады.
Жалпы, ашық есік күні барысында петропавлдықтар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған жауап ала алады. Шараны Бірегей жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары әр үш ай сайын өткізіп тұрады. Оған кез келген адамның қатысу мүмкіндігі бар. Мәселен, былтыр бұл шараның тиімділігін ел бойынша 20 мыңнан астам адам пайдаланған.

 

 

Саят Ермек