МТРА жаңалықтары

№2 Петропавл қалалық сотында «Отбасы» кабинеті ашылды

Сот өкілдерінің айтуынша қазір ажырасулар саны көбейген. Судьялар істі қарау барысында ең алдымен жанұяны сақтап қалуға атсалысуы қажет екен. №2 Петропавл қалалық сотында «Отбасы» кабинеті ашылды. Оның жұмысы араздасып жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыруға бағытталған.

Кабинет ашылмас бұрын облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов жиылғандарға елімізде өткен жылы бастау алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жайлы айтып өтті. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдерді шешіп, ажырасулар санын қысқартуға бағытталған.

Ерлан Айтжанов – СҚО сотының төрағасы:

– Өкінішке қарай, соңғы уақытта ажырасулар саны артуда. Бұл процедура ерлі-зайыптыларға, олардың туыстарына, ал ең бастысы, балаларына психологиялық тұрғыда оңай соқпайды. Сол себепті, соттар ең алдымен отбасын сақтап қалуға атсалысуы қажет. Осы орайда Жоғарғы соттың бастамасымен арнайы жоба қолға алынып отыр.

Кабинет жұмысы медиация әдісі бойынша қызмет етіп, дауласқан жұптарды бітімгерлікке шақыруға бағытталған. Кейін «Отбасы» кабинетінің таспасы салтанатты түрде қиылды. Шағын ғана бөлме, сот залына мүлдем ұқсамайды. Жұмсақ жиһаздар қойылып, тіпті балаларға арналған ойын алаңы да орын тепкен. Мұның бәрі ажырасуға келген ерлі-зайыптылармен жайлы жерде отырып әңгімелесіп, мәселесін шешуге арналып отыр.

Динара Байзақова – №2 Петропавл қалалық сотының төрайымы:

– Үйдегідей жайлы жағдайлар болуы үшін кабинет әдейі осылай жасақталды. Бұл – отбасы мүшелерін татуластыруға арналған қадам. Кабинет бізде өткен жылдың соңынан жұмысын бастады. Нәтиже жаман емес. Жалпы, жыл басынан бері Петропавл қалалық сотына ерлі-зайыптылардан некені бұзу жөнінде 193 өтініш келіп түсті. Солардың 156-сын қарастырып, 116 жағдайда ажырасу туралы шешім шығарылды.

Ал 45 жұп татуласқан. «Отбасы» кабинетінде дауласқан жандарды бітімгершілікке шақыру үшін олармен психолог маман жұмыс істейтін болады.

Алтыншаш Матаева – психолог:

– Әр жұпқа біріншіден, отбасылық кризистік кезеңдер түсіндіріледі. Кейін ер мен әйел азаматтардың міндеттері айтылады. Бұдан соң ажырасуға бел буудың себептері анықталады. Содан соң отбасын сақтау керектігі айтылады. 4 күннің ішінде 16 жұп келді. Арасында есірткі қолданатындар бар. Ойынға құмар жандар мен әйелдеріне қол көтеретіндер бар және басқа әйелмен тұрып жатқандарды алып тастағанда екі жұпқа уақыт берілді. Отбасылық қарым-қатынасты жақсартуға, ал тағы екі жұп алдағы уақытта мүмкін бізді қуантар.

Психолог маман бүгіндері көп жағдайда әйел азаматтардың тәкаппарлығы және отағасына қарсы келуі отбасын сақтап қалуға кедергі келтіреді дейді.

 

Магжан Ахмадина