МТРА жаңалықтары

Қызылжарда республикалық ақындар айтысы өтті

Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен. Кеше Қызылжар төрінде осындай тақырыптағы республикалық ақындар айтысы өтті. Дүбірлі дода атақты жерлесіміз Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналды. Шараға еліміздің әр аймағынан жиылған 22 бірдей өнер иесі қатысты.

Қызылжарда әр жыл сайын әз Наурыз мейрамы қарсаңында республикалық айтыс өтеді. Биылғы жыр додасы атақты жерлесіміз, суырып салма ақын, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналды. Айтулы аламанның шымылдығын Жүрсін Ерманның өзі аштты. Ол қапияда көз жұмған Еріктей ердің өміріне тоқталды, жүректен шыққан жырлары мен ілкімді істерін зал толы көрерменге жеткізіп, бір серпілтіп тастады. Кейін, сөз облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметке берілді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыста ұлттық өнердің, ойындардың маңызы күннен-күнге артып келе жатыр. Петропавлда да біраз шаруа атқарылуда. Мысалы, облыс орталығында қазақ театры салынып жатыр. Келесі айтыс сол жерде өтетін болады.

Айтыстың ашылу салтанатында марқұм Ерік Асқаровтың зайыбы Нәсіпжан Медиқызы құрметке бөленді. Нәзікжандының иығына Мадияр Қожахмет облыс атынан бешпент жауып, ақ орамал сыйлады.

Бұдан соң, ағайын асыға тосқан жыр додасы басталды. Алдымен ортаға “сен тұр, мен атайын” деген ақындардың арасынан түркістандық Бекарыс Шойбеков пен Сыр елінен ат терлетіп жеткен Мұхтар Ниязов шықты. Сөзді дәл осы қызылордалық дарын бастады. Ол қара өлеңмен Қызылжарға алғаш рет келгенін, петропавлдық сүтті ішетінін әдемілеп жеткізді. Мұны қарсыласы оңтайлы пайдаланып, әзілмен жауап қатты.

Бекарас Шойбеков Мұхтардың петропавлдық сүт тұтынатындығын да әзілмен жырға қосты. Оған қарсыласы табан астында лайықты өлең құрап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

Мұхтар да әзілге жақын жігіт. Ол бір сөзінде бәсекелесіне Шымкент аймақ орталығы болып тұрған шақта атынан айтысқа шықпадың, енді Түркістан облысы құрылғанда аламанға қайта қосылдың деп сөзбен шақты. Бекарыс тосылып қалмады. Ақын Ерікше “қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен”-деп жауап беріп, кіндік кескен жерінің мәртебесін асырып тастады. Қалжыннан бөлек, қарсыластар мерейтой иесінің өмірін, сөздерін жырға қосып, айтысты тәмамдады. Қазылардың шешімімен Мұхтар Ниязов жеңіске жетті. Азамат Ерік Асқаровтың шығармашылығымен жақсы таныс екен.

Мұхтар Ниязов – айтыскер ақын, Қызылорда облысы:

– Ерік аға аса зерттеуді қажет етпейді. Өйткені, ол жайлы мәлімет интернетте де, халықтың аузында жүр.

Кейін, ортаға орақ тілді, от ауызды 10 жұп ақын шықты. Олар да Ерік Асқаровты жырлады, қоғамдағы түйткілді мәселелерге де тоқталды. Көбі Петропавлда атақты жерлесімізге көше беру қажет деген сынды ойларын жеткізді. Бұл күні аламанға алғаш рет Ерік ағамыздың ұлы Бекзат та түскелі тұр. Жас қыран қобалжып тұрғанын жасырмады.

Бекзат Асқаров – Ерік Асқаровтың ұлы, айтыскер ақын, Астана қаласы:

– Кішкентай кезімізден әдістендік. Бірақ, шыны керек толқып тұрм. Тұсауым туған жерде кесілгелі тұр.

Айта кеткен жөн, республикалық айтыс 10 сағатқа созылды. Жыр додасының бас жүлдесін бір кездері Еріктей ағамызбен үзеңгі қағысып жүрген Серік Құсанбаев иеленді. Оған 2 млн теңге тарту етілді. Қалған ақындарға да ақшалай сыйлық берілді.

Култанов Байболат