МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Айдарбек Сапаровты Астанаға шығарып салды

Білікті кадр және жақсы жетекші. Солтүстікқазақстандықтар облыс әкімінің бірінші орынбасарын елордаға шығарып салды. Айдарбек Сапаров енді ҚР Үкіметінде еңбек ететін болады. Ол ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Облыстық әкімдіктегі кездесуге мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері мен жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шақырылған. Бұл – Айдарбек Сапаровпен бірлесіп ұзақ жылдар бойы аймақтың гүлденуі үшін жұмыс істеген жандар. Азамат енді ауыл шаруашылығы министрлігінде бірінші вице-министр лауазымында тер төгетін болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – Айдарбек Сейпілұлына берілген үлкен баға. Көптен бері осы саланы басқарып жүр. Потенциалы жоғары, солтүстік өңірде нәтижелі жұмысты ұйымдастыра білді.

Айдарбек Сапаров М.Жұмабаев ауданында туған. Институт тәмамдаған соң, еңбек жолын кіндік қаны тамған жеріндегі кәсіпорындардың бірінде бастапты. Кейін 8 жыл бойы “Ноғайбай” серіктестігін басқарып, “Азық-түлік корпорациясы” АҚ еңбек еткен. 2006 жылы мемлекеттік қызметке орналасыпты. Облыстық аймақтық инспекцияға жетекшілік етіп, Шал ақын және М.Жұмабаев аудандарының әкімі лауазымында жұмыс істеген. Кейін – өңір басшының орынбасары, ал 2011 жылдың қыркүйегінде бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, СҚО құрметті азаматы:

– Соңғы уақытта Үкіметтің жоғары лауазымына тағайындалғандардың арасында біздің жерлестеріміз жоқ. Енді, сіздің министрлікте жұмыс істейтініңізге өте қуаныштымыз.

Айдарбек Сапаровтың ауыл шаруашылығы саласы үшін сіңірген еңбегі мол. Әсіресе, аграрийлерге үнемі қолдау көрсетіп келген. Бұны аудан әкімдерінің атынан сөз алған Болат Жұмабеков атап өтті.

Болат Жұмабеков – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Айдарбек Сейпілұлы – шынымен де елдің қамын ойлайтын азаматтардың бірі. Өте еңбекқор.

Жиналғандардың сөзінше мұндай білікті кадрды жіберу оңай емес. Дегенмен, министрлікте жерлесіміздің еңбек ететіні қуантпай қоймайды. Себебі, Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласындағы жағдаймен жіті таныс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Еліміздегі халықтың жартысы елді мекендерде тұрады. Яғни, Қазақстанның тең жартысының тағдыры министрлікте қабылданатын шешімдерге байланысты. Айдарбек Сейпілұлы жұмыс істеп бастағаннан кейінгі ауыл шаруашылығы саласындағы нәтиже өзін көп күттірмейтініне сенімдіміз.

Айдарбек Сапаров өз кезегінде әріптестеріне алғысын білдіріп, өңірдің гүлденуіне тілектес екенін жеткізді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

– Сізбен бірге жұмыс істеген екі жыл ішінде мол тәжірибе жинақтадым. Орталықпен, халықпен жұмыс істеп үйрендім. Өткен жылы форумды сіздермен бірге ұйымдастырғаныма қуаныштымын. Бұл – тарихта қалатын жайт.

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровқа құрмет грамотасын табыс етіп, кейін жиналған қауым естелікке фотоға түсті.

Эльмира Садвокасова