Қоғам

Наурыз мерекесін тойлаудың төртінші күні

“Отан отбасынан басталады”. Петропавлда Наурыз мейрамын тойлаудың 4-ші күні аталып өтілді. Мерекеге орай әр жанұя мүшелері дәстүрге сай дастарханға жиналып, жыл басын қарсы алуға әзірленеді.

Есенжауловтар үйінде Наурыз мерекесіне дайындық қызу жүріп жатыр. Әсіресе, осы әулеттің кенже келіні Саёра ас үйде әлек болуда. Нәзікжанды жылдағы дәстүрге сай Наурыз көже дайындап жатыр. Айран мен сүт, су, тұз, арпа, күріш және қазы. Тұрмыс құрғанына 16 жыл болған тәжірибелі келін ұлттық тағамға 7 дәм қосып пісіруде.

Саёра Есенжаулова:

– Наурыз көжені жанұямызбен бірге жылда жасаймыз. Және біз келесі ұрпаққа сабақ болсын оны қалай дайындау керектігін үйретіп келе жатырмыз. Наурыз көжеге ақ қосылады. Бұл өміріміз ақ болсын, пәк болсын деген мағынада қосылады.

Наурыз мерекесі тазалық пен жаңарудың мерекесі демекші, балалар бұл уақытта үй шаруасын тындырып, барлығын жинап-жиыстырып қойды. Кейін жеткіншектер сурет салып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы туралы бар білгендерімен бөлісті.

Махамбет Мұхаметқұлов:

 – Наурыз мерекесі – ол қазақтың ең қасиетті мерекесі. Себебі, ол жаңа күннің басталуы дегенді білдіреді. Наурыз мейрамына байланысты мен асық ойынын білемін. Ол қазақтың ұлттық ойыны болып саналады.

Наурыз көже дайын болған соң, барлығы дастархан басына отырды. Әулеттің отанасы Сәлима Балтабаева – Түркістан облысының тумасы. Петропавлға осыдан 16 жыл бұрын көшіп келген екен. Оның 3 қызы мен 2 ұлы бар. Үлкені 47-де болса, кенжесі – 37 жаста. Бүгінде Сәлима Атажанқызы балаларынан 20 немере сүйіп отыр. Берекелі отбасы жыл сайын дәстүрлі түрде осындай мол дастархан басында жиналып, жаңа жылды қарсы алады.

Сәлима Балтабаева:

– Жылда осылай отбасымызбен жиналып, бала-шағамызбен, немеремізбен, туған-туыстарымызбен дастархан жайып, жиналамыз. Наурызға біз тек 21-інен 22-сіне қараған күні емес, алдын ала дайындық жасаймыз.

Наурыз көжеден бөлек, мерекелік дастарханға ірімшік, құрт, май, қаймақ, қымыз және айран сияқты ақтан жасалған тағамдар да қойылған. Ыстық бауырсақ пен тәтті шайдан дәм татқан жеткіншектер Наурызға орай дайындаған өлеңдері мен тақпақтарын кезек-кезекпен айтып шықты.

Әдетте дастархан басында үлкендер батасын беріп, өздерінің тілектерін айтады. Бұл жолы әулеттің отанасы кішкентай бүлдіршіндерге де сөз берді.

Балалар кішкентайынан тәрбиелеп, ерекелетіп өсірген әжелеріне өздерінің шағын сыйлығын тарту етіп, алғысын алды.

Молдир Шаяхмет