Қоғам

Қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

«Мейірімділікпен жүректерді жылытамыз!» Петропавлда осындай атаумен қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Оксана Меньшенина туа бітті сал ауруына шалдыққан. Қазір жасы 30-да. Бірақ, ол қол қусырып отырғанды қаламайды. Үйде анасымен бірге түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды екен. Бұл істі өзі баратын «Адон Север» қоғамдық бірлестігінде үйренген. Мұнда 4 үйірме жұмыс жасайтын көрінеді. Жалпы, ұйымда Оксанадан өзге тағы 50-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Оксана Меньшенина:

– Бүгін жәрмеңкеге анаммен бірлесіп жасаған заттарды әкелдім. Ол – кәмпит, нан салатын ыдыстар. Тағы сабын жасауды үйрендім. Бисерден де түрлі әшекей бұйымдарын істеймін.

«Адон Север» қоғамдық бірлестігінен өзге жәрмеңкеге тағы 2 ұйым қатысуда. Ал Зүлфия Хамитова шараға 10 жасар қызы Әсияні ертіп келген. Олар 3 жылдан бері Даун синдромына шалдыққан балалар мен ересектерге көмек көрсететін «Солнечный дом» қорына мүше болған. Бұрындары тұйық болатын қызы қазір бірлестікке барып, көп нәрсе үйреніпті. Сол себепті, осындай ұйымдардың пайдасы зор дейді ана.

Зүлфия Хамитова:

– Онда бірнеше үйірме бар. Балалар сурет салады, би билейді. Театрда қуыршақтармен ойнайды. Балалар онда барғанды жақсы көреді. Өте өзгерді балам. Бұрын балам осындай жерлерде қатты музыкадан, ертегі кеіпкерлерінен қорқатын. Ал қазір өзі солармен билеп, ойын ойнайды. Қазақша, орысша тақпақтар айтады.

Жәрмеңке «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастырылуымен осымен 3-ші жыл қатарынан өткізілуде. Жалпы, еліміздегі жетекші саяси ұйым мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған бірқатар шараларды қолға алған.

Болат Данияров – «Нұр Отан» СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Кедергісіз келешек» партиялық жобамыздың бірі. Мұнда түрлі форматты шаралар өтеді. Біз балалар үйлеріне барамыз, сауықтыру лагерьлерінде бірге боламыз.

Мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған әдемі картиналар, ойыншықтар көздің жауын алады. Сондықтан болар, қолөнер бұйымдары лезде тарап кетіп жатты. Кейін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, балғындар аниматорлармен бірге билеп, көңіл көтерді. Шара соңында жәрмеңкеге белсенді қатысқан бірлестіктерге нұротандықтардың атынан алғыс хаттар, ал балаларға ойыншықтар табыс етілді.

 

Магжан Ахмадина