Қоғам

Жастар қарияға көмек көрсетті

Наурыз мерекесіне орай облыстық жастар орталығының өкілдері “Жасыл қала – жасыл ел” акциясын өтті. Шара барысында белсенді ұл-қыздар жалғызбасты Галина Краснопевцеваның үйіне барып, маңайындағы қарын күреді. Игі іске тілшіміз Байболат Бектемірұлы да қатысып, 87 жастағы кейуананың алғысын алды.

Бұл үй Солнечный кентінде орналасқан. Қос қабатты баспанада жасы тоқсанға таяп қалған Галина Краснопевцева жалғыз өзі тұрады. Ғимараттың маңына қар жиналып қалыпты. Оны облыстық жастар орталығының өкілдері тазалап жатыр. Мен де қарап қалмадым. Қолыма күрек алып, нысанның жанын ақ ұлпадан аршуға кірістім. Баршамыздың игі ісімізге кейуана дән риза болды.

Галина Краснопевцева – қала тұрғыны:

– Балаларға алғысымды айтамын. Оларды шақырып едім, келіп қарды тазалап жатыр. Бұл шаруаны мен өзім атқара алмаймын. Жаны жайсаң ұл-қыздар менің үйімде бұған дейін де болды. Онда көмір кіргізді, су тасыды, маңайды жинап берді. Осы үшін жастарға мың рахмет.

Жұмыс жылдам аяқталды. Маңай әп-сәтте-ақ тазарып шыға келді.

– Ендігі біздің міндет – мына жердің қарын тазалау. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біраз ақ ұлпа жиналып қалыпты. Бірақ, біз іске жұмылакірісіп, шаруаны бір 10-15 минуттың ішінде тындырып тастаймыз деп ойлаймын.

Ал, бұл жердегі шаруа оңайға соқпады. Қатып қалған қарды біраз тазалауға тура келді. Жұмыс барысын Галина әжей терезеден қарап тұрды. Айта кетейік, облыстық жастар орталығының өкілдері бұл шараны Наурыз мерекесіне арналған кезекті акция аясында ұйымдастырып отыр.

Роксана Орынбасарова – СҚО жастар орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Бүгін біздің жастар “Жасыл қала – жасыл ел” акциясы аясында Галина әжейдің үйіне келді. Мұнда үйдің жанын қардан тазалап жатырмыз. Орталыққа кезкелген егде жастағы, жалғызбасты адам хабарласып көмек сұрай алады. Барлығына барып көмектесуге тырысамыз.

Жалпы, жыл басынан бері облыстық жастар орталығының ұл-қыздары 27 мәрте жалғызбасты жандардың, мүгедектердің үйлеріне барып, шаруасына көмектесіпті.

 

Култанов Байболат