Мәдениет

Қызылжарда наурыздың 17-сі республикалық ақындар айтысы өтеді

Қызылжарда жерлес ақын, драматург Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-ға жуық  айтыс өнерінің майталманы қатысады. Аталған шара наурыздың 17-сі күні Жастар сарайында ұйымдастырылмақ.

Ерік Асқаров – қазақ әдебиеті көгіне жарқ етіп көтеріліп, ерте сөнген жұлдыздардың бірі. Ол 1959 жылы М.Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылында дүниеге келген. Ақын бірқатар әдеби шығармалар жазып, кино да түсірген екен. Әсіресе, ұлтымыздың көне өнері – суырып салма айтыскерлік дәстүрін жаңғыртуға қосқан үлесі зор. Қарағанды облысының тумасы айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов хас талантпен жеке таныс болған.

Қуаныш Мақсұтов – айтыскер ақын, Қарағанды облысы:

– “Ерікті “Ереке” деп айта алмайтынмын, ол – менің жездем. Жақын апамызды алғаннан соң, оған еркелейтінбіз. Еріктің бірінші бақыты – Солтүстік Қазақстанда туып-өсуі.

Биыл ақынның 60 жылдық мерейтойына орай өңірде бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Соның бірі – сенбі күні Оқушылар сарайында Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі кабинетінің ашылуы.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің жетекшісі:

– Оқушылар сарайында Ерік Асқаров атындағы кабинет берілді. Сол жерде ақындар тәлім алатын болады. Сонымен бірге, сағат 16:00-де республикалық ғылыми конференция болады.

Ал наурыздың 17-сі күні Қызылжарда республикалық ақындар айтысы өтеді. Аламан бәйгеге 20-ға жуық айтыс өнерінің майталманы қатысады. Біздің өңіріміздің намысын 3 ақын қорғайтын болады. Олар – Әлібек Серғалиев, Мұхамед Қоңқаев және Жарқын Жұпархан.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің жетекшісі:

– Біздің өңірде республикалық айтыс 5-ші мәрте өтеді. Бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – Ерік ағамызбен айтысқан достары қатысады.

Ақындар 2 айналымда бақтарын сынайды. Кейін 4 жұп ақтық сынға шығып, өзара 7 жүлделі орынды сарапқа салады. Айта кетейік, аламан айтыс жексенбі күні таңғы сағат 11:00-де Жастар сарайында басталады.

 

 

Молдир Шаяхмет