Спорт

Полицейлер арасындағы республикалық біріншілік мәресіне жетті

Қысқы Президенттік көпсайыстан полицейлер арасындағы республикалық біріншілік бүгін мәресіне жетті. Еске салсақ, күллі Қазақстаннан жиылған тәртіп сақшылары спорттың үш түрінен сынға түскен болатын.

Алдымен, құқықорғаушылар Макаров пистолетінен атып, мергендіктерін сынады, кейін ер азаматтар білтемірден тартылды, ал нәзікжандылар қол күшімен еденнен көтерілді. Сондай-ақ, полицейлер шаңғымен сырғанаудан да сынға түсті. Бүгін екі күнге жалғасқан жарыс қорытындыланып, ауқымды марапаттау салтанаты ұйымдастырылды. Жалпыкомандалық есепте 12 құраманың ішінен қостанайлық полицейлер үздік үштікті тұйықтады. Теріскейлік тәртіп сақшылары күмісті қанжығаға байлады. Ал Астана қаласының құқыққорғаушылары топ жарып, біріншіліктің бас жүлдесіне ие болды.

Нұрсауле Дәулетқалиева, Астана қаласы полиция департаментінің аға анықтаушысы:

– Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Дода тартысқа толы болды, себебі қарсыластар осал емес. Біздің міндет – қоғамдық тәртіпті сақтау. Қызметіміз жауапты. Сондықтан, мұндай біріншіліктер полицейлердің физикалық дайындығы мен ерік-жігерін арттырады.

Саят Ермек