Өнеркәсіп

Петропавлда шұлық өндірілуде

Отандық өнімнің қатары толықты. Петропавлда шұлық тоқумен айналысатын фабрика жұмыс істейді. “MATEX” серіктестігі тәулігіне балалар, жасөспірімдер, әйелдер мен ер адамдарға арналған өнімнің 4 жарым мың жұбын әзірлейді екен. Шұлықтар қазір облыс аумағындағы дүкендер желісінде саудалануда.

Арамаис Тер-Аствацатурянның өз жеке кәсібімен айналысып жүргеніне 20 жылдай уақыт болыпты. Бірақ, шұлық өндірісіне алғаш қадамын өткен жылдың қараша айында жасаған. Бұл істен еш хабары болмағандықтан, 6 ай бойы саланы зерттеп, тұрғындардың сұранысына мән беріпті. Кейін қажетті шетелдік қондырғылар мен жоғары сапалы шикізат сатып алған.

Арамаис Тер-Аствацатурян – «MATEX» ЖШС директоры:

– Ашылғалы бері түрлі қиындықтарды кезіктірдік. Заманауи аппараттармен жұмыс істеу өте қиын болды. Мамандарды да оқытуға баса назар аудардым. Қазір серіктестікте 19 адамды екі қолға бір күрекпен қамтып отырмын. Қызметкерлердің жайлы еңбек етуі үшін барынша жағдай жасалған. Шұлықтарды балалар, жасөспірімдер, әйелдер мен ер адамдарға арнап тігеміз. Жалпы, шұлық өндірісі елімізде мүлдем дамымаған. Біздің мына шығарып жатқан тауарларымыздың сапасы жақсы.

Бүгінгі таңда шұлықтардың 75 түрлі үлгісі бар. Әр апта сайын Арамаис Тер-Аствацатурян жаңа модельді шығаруға тырысады екен. Ол үшін алдымен өнімнің эскизі әзірленіп, кейін қондырғыларға қажет бағдарлама жазылады. Түрлі-түсті жіптердің дайын тауарға айналуы 4 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – шұлықты тоқу. Шаруаны мына чехиялық қондырғылар атқарады. Біреуін әзірлеуге кететін уақыт оның көлемі мен суретінің қиындығына байланысты. Қазір ол шиенің суреті бар шұлықты тігіп жатыр. Дәл осы өнімнің біреуін жасауға 2 мин 27 сек жұмсалады екен. Процесті монитордан бақылап тұруға болады.

Міне, алғашқы кезең аяқталды. Енді өнім тігіншілердің алдына жіберіледі. Мұнда шұлықтың артық бөлігі кесіліп, басы арнайы россо тігісінен өтеді. Шаруаға Алена Игнатьева жауапты.

Алена Игнатьева – «MATEX» ЖШС тігіншісі:

– Бастапқы уақытта жұмыс істеу қиын болатын. Бұндай машиналарды меңгерген адамдарды солтүстікте таппайсың. Бізді оқыту үшін арнайы шетелдік мамандар тартылды. Өзім тігіншімін. Қолөнер ісімен 10 жылдай айналысып келемін . Сондықтан, тез үйреніп кеттім.

Кейін шұлықтарды мамандар арнайы формаларға кигізіп, үтіктейді. Өнім дайын болғаннан соң, оған заттаңба бекітіледі. Міне, тауар сатуға даяр. Айта кететін маңызды жайт – ол 100 пайыз мақтадан жасалған. Шикізатты кәсіпкер Түркия мен Өзбекстаннан алады екен. Бағасы қытайлықтан қарағанда едәуір жоғары, сондықтан сапасы да көңіл көншітерлік. Күн сайын киіп жүретін шұлықтың неден жасалғанын қолмен ұстап түсіну мүмкін емес. Бірақ, мынадай тәжірибе өткізуге болады.

Арамаис Тер-Аствацатурян – «MATEX» ЖШС директоры:

– Мен дүкен сөрелеріндегі түрлі шұлықтарды сатып алып, сапасын тексеремін. Бұл – қытайлық өндірушілердің тауарлары. Оның жібін алып, күйдіретін болсақ, пластиктен жасалғанын байқауға болады. Міне, саусақтарыма да қап-қара болып жабысты. Ал, енді біздің шұлықтың шикізатын тексерейік. Ол қағаз сияқты жанады да, ешбір қалдығы қалмайды. Жағымсыз иісі де жоқ.

Өкінішке қарай, қазақстандық нарықты дәл осындай пластиктен жасалған өнімдер жаулап алған. Күнделікті киіп жүрген шұлықтардың адам ағзасына тигізетін зияны айтпаса да белгілі. Салдарынан сау басыңа сақина тілеп алуың ғажап емес. Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың тек 8 пайызы – сапалы қазақстандық шұлықтар. Енді, олардың арасынан петропавлдық «MATEX» брендін кезіктіре аламыз. Өнімнің бағасы қолжетімді – 150 мен 300 теңгенің арасында.

 

Эльмира Садвокасова