Білім

Петропавлда оқушыларға қосымша білім беру мәселесі талқыланды

Шәкірттерге сапалы әрі заманға сай сабақтан тыс білім беру мәселесі бүгін Петропавлда талқыланды. Оқушылар сарайында “Қосымша білім беру: болашаққа бағдар” атты халықаралық құрылымдалған диалог өтті. Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден мамандар келді.

Саят Ермек – тілші:

– Әр бала мектептегі сабақтардан тыс уақытын бос өткізбеуі тиіс. Ол көңілі қалаған өнер түрімен айналыса алады немесе робототехника және өзге де IT технологиялардың қыр- сырын меңгере алады. Ал бұған жағдай жасау – биліктің еншісінде. Статистикаға көз жүгіртсек, бүгінде Қазақстан бойынша оқушылардың шамамен 83 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ал петропавлдық балғындар қосымша білімді жаңа, заманауи Оқушылар сарайының қабырғасынан ала алады.

Бұл сарайда бүгін қосымша білім беру педагогтары бас қосты. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Күннің бірінші жартысында оқытушылар үшін теріскейлік мамандар 10 шеберлік сағатын өткізді. Мұнда балалармен жұмыс барысында “Win-win” (ВИН-ВИН) стратегиясын қолдану, аутизм дерті мен даун синдромына шалдыққан балаларға білім берудегі жаңашылдықтар, робототехниканы балабақшаларға ендіру жолдары мен тәсілдері түсіндірілді. Қазір әріптестерінің алдында “Алтын бесік” балабақшасының директоры Мадина Дәрбаева сөз сөйлеуде. Ол бөбекжайдағы робототехника үйірмесінің жұмысымен таныстырды.

Мадина Дәрбаева – “Алтын бесік” балабақшасының директоры:

– Осы күнде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде робототехника бірінші қадамын жасап жатыр. Біздің бүлдіршіндер айналысып, түрлі халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Ұстаздар осыны маңызды санайды.

Ал мынау – жас инженерлердің сайысы. Мұнда ұшқышсыз басқарылатын дрондардың бірінші республикалық хакатоны, яғни байқауы өтуде. Бұл – әзірге, облыстық кезең. 6 құрама өз қолдарымен дронды жинап, оған бағдарлама жазулары тиіс. Құлтемірдің сапасы 4 сынақ барысында тексеріледі. Жеңістен әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары да үмітті.

Саят Омаров – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Кубтың ішінде дронымызды жүргіздік. Дрон өзін өте керемет деңгейде көрсетті. Дронды жинауға 10 минут, оған бағдарлама жазуға тағы сонша уақыт жұмсадық.

Мұның бәрін шәкірттер Оқушылар сарайында үйренеді. Жалпы, мекеменің материалдық-техникалық базасына меймандар жоғары бағалап отыр. Бұл – оқушыларға қосымша білім беріп, болашақ мамандықтарын таңдауда көмек көрсететін таптырмас орын дейді олар.

Ербол Іргебай – Астана қаласындағы Оқушылар сарайының директоры:

– Электроника, цифрлық технологияны дамытуға тамаша көңіл бөлінген екен. Осының біраз элементтерін қабылдап, өзімізге енгіземіз деген ойдамыз. Бізде өз телескобымыз бар. Ғарыштық технология, кеме мен авто модельдеу, яғни инженерлік ғылымды дамытуға мән беріп жатырмыз. Аптасына 12 мың, ал күніне 2 мың бала келеді. Біздің сарай үлкен.

Ал күннің екінші жартысында “Қосымша білім беру: болашаққа бағдар” атты құрылымдалған диалог жұмысын бастады. Бұл шара халықаралық статусқа ие. Тәжірибе алмасу үшін кездесуге Ресей, Беларусь және Қырғызстаннан делегаттар келген. Тағы отандық педагогтар, мектеп директорлары, ата-аналар қауымы, атқарушы билік өкілдері мен қоғам белсенділері де бар. Талқыланған мәселе – қосымша білім берудің маңызы және оны шәкірттерге қолжетімді ету. Бұл үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға тырысып жатыр.

Сәуле Айтпаева – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Республика бойынша бүгінде мектептен тыс 1300-ден астам ұйым мен 63 мың мектепішілік үйірме жұмыс істейді. Өткен жылы барлық өңірлерде 17 технопарк пен 16 бизнес-инкубатор ашылды. Бұған республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Биыл технопарктердің саны – 24, ал бизнес-инкубаторлардың саны 18-ге жеткізілмек. Бұл мекемелерде 120 мың оқушы қосымша білім алатын болады.

Инновациялық білім адамды көшбасшы етеді дейді диалог қатысушылары. Шәкірттерге қосымша білім беруде тәжірибе алмасу аса маңызды. Ол жеткіншектердің бос уақытын пайдалы өткізулеріне жағдай жасайды. Сондықтан, сапаға баса назар аудару қажет. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда қосымша біліммен 40 мың оқушы қамтылса, ел бойынша түрлі үйірмелер мен мектептен тыс ұйымдарға 2 млн 639 мың шәкірт барып жүр.

Саят Ермек