Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Францияның ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі келді

Француздықтар өңірде шошқа фермасын салмақшы. Жоба жүзеге асса 200 млн евро инвестиция құйылмақ. Әзірге, меймандар ел аймақтарын аралап, кешенді тұрғызуға ыңғайлы болатын жер таңдауда. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірге келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесіп, болашақ жобаны талқылады.

Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жақтың екі елдің арасындағы қарым-қатынастың артып келе жатқандығын айтты. Сондықтан өңірімізде де бірлескен жоба жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Франция мен Қазақстанның арасындағы инвестиция көлемі артып келеді. Сондықтан Солтүстік Қазақстанда тағы бір жоба жүзеге асса көмек көрсетуге дайынбыз.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан – француздықтар ат басын бұрған екінші аймақ. Осыған дейін олар Ақмола облысында болып, өз жобаларын таныстырған екен. Бүгін кезек өңірімізге келді.

Филипп Мартинэ – Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Негізінен біздер Қытай нарығына бағытталған зауыттар саламыз. Яғни, шошқа еті толығымен аспан асты еліне экспортталады. Ресейдегі фермамыз өте табысты жұмыс істеуде. Алдыңғы қатардағы кәсіпорындардың бірі. Қытай нарығына әлі де көп өнім жеткізуді қалаймыз. Сондықтан, қазір кәсіпкерлеріміз тиімді жобаны жүзеге асыратын жер іздеуде. Сіздерге келгендегі мақсатымыз да сол.

Фрунцуздар 15 жыл бұрын Ресейде шошқа фермасын ашыпты. Жиын барысында оның жұмысын да таныстырып өтті. Қазір зауытта 60 мың бас бар екен. Жылына бір аналық шошқа 36 торай береді екен. Нақ сондай зауытты олар бізде де салмақшы.

Антуан Менделовичи – «Отрада» компаниялар тобының коммерциялық директоры:

– Ең бастысы, зауытты салсақ, жақын маңда сыйымдылығы 100 мың тонна болатын элеватор болса екен дейміз. Тағы 10 мың гектар жер қарастырылғаны жақсы. Өйткені, шошқаларға арналған азықты өзіміз даярлаймыз. Тағы инфрақұрылымдық желілерді тартуға көмек қолын созсаңыздар деймін. Ал ең бастысы, Ресейдің Липецк өңірінен мал әкелу үшін рұқсат берілсе екен дейміз. Яғни, шекарадағы мәселені шешу қажет. Ал технологияларды игеру және адамдарды оқыту жағын өз мойнымызға аламыз. 800 маманды әкеліп, жергілікті тұрғындарды оқыта аламыз. Тағы осы жерде жұмыс істейтін серіктестер де қажет.

Фрунацуздықтар өңірімізде шошқа зауытын салса, 200 млн евро қаржы құюға дайын. Жоба екі кезеңмен жүргізіледі. Алғашқысында асыл тұқымды мал әкелініп, арнайы база салынбақ. Кейін 3 тауарлы ферма салу көзделуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Мемлекет тарапынан қолдау болады. Жалпы елімізде инвесторларға жақсы жағдайлар жасалған. Ірі инвестор келсе, біздер бюджет есебінен инфрақұрылымды тартып береміз. Ал Ресейден мал әкелу жағын шешу еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Сондықтан, біздер жан-жақты қолдау көрсетуге дайныбыз. Жер таңдауға да көмек көрсетеміз. Бізде бүгіндері Тайынша ауданында осындай зауыт бар. Сондықтан, қиындық болмайды деп ойлаймын. Оның үстіне, биыл біздер соя алқабын ұлғайтпақпыз. Ал шошқа шаруашылығын дамыту үшін ең бастысы – азық болса жеткілікті.

Өңіріміз астық өндіруден де өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері. Сондықтан, таңдау біздің өңірге түсуі тиіс деп облыс әкімі қалжыңдап та қойды. Ал ең бастысы қос тарап тек ауыл шаруашылығында ғана емес, тағы туризм, мәдениет салаларында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Магжан Ахмадина