Балалар

Облыстық студенттер форумы өтті

Қызылжарда облыстық студенттер форумы өтті. Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінде ұйымдастырылған шараға өңіріміздің 16 бірдей орта арнайы білім беру мекемесінде оқитын жастар қатысты.

Облыстық студенттер форумының алғашқы кезеңінде жиналғандардың назарына көрме ұсынылды. Мұндағы дүниелердің барлығын өңіріміздің орта арнайы білім беру мекемелерінде оқитын ұл-қыздар әзірлепті. Мәселен, мына 1974 пен 84-ші жылдар аралығында шығарылған вагонның макетін Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінің шәкірттері құрапты. Оның ішіне жарық тартқан, тетіктері мен рельстеріне дейін айнытпай жасаған. Ал, мына жерде Ақжар ауданының жастары тұр. Олар қазіргі күні аса танымалдылыққа ие робототехника ісімен айналысады.

Бақытжан Бақтияр – Ленинград ауыл шаруашылығы колледжінің студенті, Ақжар ауданы:

– Қолымдағы – бульдозер. Оны қар тазалау және ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болады. Оның құрамында программалық блок, түрту датчигі және 2 мотор болады. Түрті датчигін басқан кезде ол өзі қозғалып, кедергілерді айналып өтеді. Өзім жалғыз құрастырдым. 7 жұма уақыт кетті.

Көрмені тамашалап болған соң, жұртшылық форумның ашылу салтанатына жиылды. Мұнда жастардың ел дамуындағы рөлі айтылды.

Михаил Шатковский – Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінің директоры:

– 2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыдан-ақ Елбасымыздың жастарға үлкен сенім артып отырғанын білеміз. Сондықтан да біз өңір колледждерінде оқитын ұл-қыздарды жиып, форум өткізіп жатырмыз. Бұл шара барысында өскелең ұрпақ бір-бірімен танысады, жоспарларымен бөлісіп, әзірлеген туындыларын таныстырады. Бұдан бөлек, түрлі тақырыпқа арналған секциялық отырыстарға қатысып, өздеріне қажетті маңызды ақпарат алады.

Секциялық отырыстар 6 залда ұйымдастырылды. Мына жерде бизнесті бастау туралы айтылып жатыр. Дәрісті IT саласында еңбек ететін Денис Самохин өткізуде. Ол кәсіптен нәсіп табудың, алғашқы капиталды тиімді жұмсаудың тәсілдерін толыққанды түсіндірді. Бұл деректер Владислав Алексеевке аса қажет. Себебі, бозбала болашақта бизнесмен атанғысы келеді.

Владислав Алексеев – Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінің студенті:

– Өзім келешекте кондитерлік салада еңбек еткім келеді. Болашақта 3D форматтағы өнімдерді әзірлеуді ойлап жүрмін. Осы идеямды жүзеге асыру үшін кітаптар оқимын, білікті мамандармен ақылдасамын. Бүгінгі өткізіліп отырған жиыннан да мол мағлұмат алдым.

Тағы, форум барысында жастар техникалық шығармашылықты арттыру, IT технологияы меңгеру сынды тақырыптарға арналған отырыстарға қатысты.

Байболат  Култанов