МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының отырысы

Тұрғындармен тілдесіп, толғандыратын мәселелерін білу қажет. “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалдарына партиялық комиссия мүшелері осындай кеңес берді. Бүгін аталған топ өкілдері биылға алғашқы жиындарын өткізді.

“Нұр Отан” партиясының мүшелігінде өңірден 40 мыңға жуық азамат бар. Олар әр ай сыйын партиялық жарна төлеулері тиіс. Былтырғы жылы жергілікті филиал қазынасына тиісті 97 млн теңгенің 93 млн-ы түскен.

Ерболат Байбусинов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің меңгерушісі:

– Облыс бойынша жоспар 95 пайызға орындалды, ал Петропавл қалалық филиалы және Тимирязев, Мамлют, Ғ.Мүсірепов аудандарының филиалдары жылдық жоспарды орындамады.

Көш соңында – Тимирязев ауданының филиалы. Мұнда жоспар небәрі 54 пайызға орындалып, партиялықтар 1 млн 689 мың теңгенің жарнасын төлемепті. Ал Ғ.Мүсірепов ауданы бойынша қарыз 113 мың теңгені құраған.

Айман Есентемірова – “Нұр Отан” партиясы Ғ.Мүсірепов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:

– Жарналарды жинау бойынша жоспардың толық орындалмауының бірнеше себебі бар. Аудандағы кейбір ұйымдар мен кәсіпорындар жалақыны уақытылы бермейді. Әрі ауа райының қолайсыздығынан шалғайдағы өкілдер жиналған жарналарды банкке апарып төлей алмады. Бүгінгі таңда 2018 жыл бойынша қарыз толығымен жабылды.

Жиында депутаттардың қоғамдық қабылдауларды жүргізу сапасы да қаралды. Комиссия мүшелерінің айтуынша халық қалаулылары азаматтар базыналарын арқалап қашан келеді деп күтпей, жұртшылықпен өздері ашық диалогқа шығулары тиіс. Себебі, баяндамалар бойынша бәрі жақсы, ал сараптама нәтижесі тұрғындарды әлеуметтік сала, ТҮКШ, баспанамен қамту сынды түйіткілдер көп толғандыратынын көрсетіп отыр. Отырыста барысында “7-20-25” бағдарламасының облыста жүзеге асу қарқыны да бағамдалды. Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Диас Мэлстің сөзінше бүгінде аталған жобаға қатысушылардың саны біршама артқан.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Біздің өңірімізде 452 өтінім қабылданып, 286-сы қабылданды. Бұл “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша саылнған үйлер. Осы бағдарлама бойынша халық тарапынан сұраныс көп.

Үстіміздегі жылы жерлестерімізге “7-20-25” ипотекалық бағдарламасы бойынша 851 пәтер берілмек. Оның жартысынан көбі, яғни 527-сі алғашқы жартыжылдықта үлестірілетін болады.

Саят Ермек