Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер жұмысқа ұлттық киіммен келді

Мемлекеттік қызметшілер жұмысқа ұлттық киіммен келді. Бүгін облыстық білім басқармасының мамандары костюм-көйлектерінің орнына қамзол-бешпент киіп, қарапайым жұмыс күнін мерекеге айналдырды. Білім басқармасында көбіне әйел азаматтар қызмет етеді.

Берекелі бейсенбіде өңірлік білім басқармасының жұмыс күні ерекше басталды. Мамандар қазақы ғұрыпқа сай келін түсіріп, сырға салып жатыр, кең дастархан да жайып қойған.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ертеден бастап бір-бірімізбен көрісіп, қал-жағдайымызды біліп, бір жыл бойы өткерген жұмысымызға қорытынды жасап, жаңа жылда бір-бірімізге денсаулық, жақсылық тілеп жатырмыз. Бүгін біздің барлық қызметкерлер қазақ ұлттық киімінің элементтерін киіп, тақия-қамзол киіп, сырға тағып, өздерінің ерекшеліктерін көрсетіп жатыр.

Есептер, мониторинг, сараптамалар – бір қарағанда, қарапайым жұмыс күні. Бірақ, басқарма қызметкерлері, көбі – әрине, азаматшалар құлпырып, компьютер алдында көтеріңкі көңіл-күймен жұмыс істеуде. Себебі, қамзол-бешпент киген нәзікжандылар отырған кабинеттерде – мерекелік атмосфера. Ұлттық болмысымызды паш ететін мейрам – Наурызды үнемі осылай қарсы алу Елбасы айтқан ұлттық кодымызды сақтауға сеп болады дейді мамандар.

Шекер Жандосова – СҚО білім басқармасы стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің инспекторы:

– Кестеміз тығыз болса да, жұмысымыз көп болса да, шын көңілмен тойлап жатырмыз. Көңіл күйіміз өте тамаша.

Айта кеткен жөн, Наурыз мейрамын тойлау бойынша іс-шаралар жоспарына сай ұлттық киімдерді мемлекеттік қызметшілер жұмыста 21-іне дейін киіп жүретін болады.

Саят Ермек