Білім

Бірге кітап оқу акциясы өтті

Бір шығарманы бірге дауыстап оқу ұжым мүшелерінің белсенділігін арттырады.
Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жергілікті мамандары ерекше шара ұйымдастырды. Онда 60-қа жуық адам ақиық ақын М.Жұмабаевтың шығармаларын бірігіп орындады.

Бұл – ақиық ақын М.Жұмабаевтың көпшілікке белгілі «Қазақ тілі» өлеңі. Оны өңіріміздің 60-тан астам кітапханашысы мен балабақша тәрбиешісі бірігіп орындауда. Арасында №3 Смирново орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Айсұлу Мұқашева да бар. Ол түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға жиі атсалысса да, шығарманы осылай көпшілікпен бірге алғаш рет оқуда.

Айсұлу Мұқашева – №3 Смирново орта мектебінің кітапхана меңгерушісі, Аққайың ауданы:

– Мектебімізде отбасылық оқу, дауыстап оқу деген шаралар өтіп жатады. Оқушылардың ата-аналарын шақырамыз. Мектеп ішінде кітап оқу шаралары өтіп жатады. Олар кітапханадан кітапты өздері таңдап оқиды. Мұндай шаралар әр тоқсан сайын жылда өтіп жатады.

Жалпы шараны ұйымдастырушылар бірлесіп оқудың пайдасы зор деп отыр. Ол адамның эмоциясын сыртқа шығарып, қасыңдағы адамды тыңдай білуге, тағы командамен жұмыс істеуге үйрететін көрінеді. Сондықтан, жерлес ақынның бір ғана шығармасы емес, «Мен жастарға сенемін», «Сүйемін» өлеңдері де айтылды. Құлаққа жылы тиіп, әдемі естілетін туындылар ағылшын тілінде де орындалды.

Шараға қатысушыларға шығарманы Шекспир тілінде оқуға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы Аврам Гепфер көмектесті. 10 жылдан астам уақыт Нью-Йоркта ағылшын тілінен сабақ берген ол Америкада осындай әдіспен кітап оқу қатты дамыған дейді.

Аврам Гепфер – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:

– Бірлесіп, дауыстап кітап оқу көпшілік үшін аса ыңғайлы болмаса да, ол ең алдымен белсенділікті тудырады. Яғни, белгілі бір шығармаға деген қызығушылықты арттыруға септеседі.

Ал Никулиндер жанұясы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қостанай облысындағы филиалы ұйымдастырған Л-моб байқауына қатысыпты. Онда ерлі-зайыптылар 6 жасар қызы Никольдің ертегі оқыған сәтін видеоға түсіріп, конкурсқа жіберген.

Ольга Никулина:

– Қызым барып жүрген «Гулливер» балабақшасындағы тәрбиеші осындай сайысқа қатысыңыздар деп хабарлады. Кейін үйге келіп, ертегіні оқуға кірістік. Әрине, басында балаға кей сөздерді оқу қиын болып, күллі отбасымызбен ол жағдайға күліп те алдық, Десе де, 3 минуттық ролик жасадық. Сондықтан, бірігіп кітап оқудың пайдасы зор деп ойлаймын. Ол отбасында жылулық ұялатып, бір-бірімізді рухани жақындата түседі.

Байқауға Никулиндер отбасынан бөлек, тағы «Гулливер» балабақшасының бірқатар тәрбиеленушілері қатысқан. Конкурс қорытындысы әлі белгісіз, бірақ жеңімпаз атанғандар арнайы сертификат және дипломдармен марапатталады.

Магжан Ахмадина