Спорт

Қазақстандық полицейлер арасында қысқы көпсайыс өтуде

Петропавлда Облыстық полиция департаменттерінің қызметкерлері арасында қысқы президенттік көпсайыс өтуде. Чемпионатқа Қазақстанның 11 өңірі мен Астана қаласынан келген тәртіп сақшылары қатысып жатыр. Мамандар мергендік, күш пен жылдамдықтарын екі күні бойы сынайды.

Мергендік, күш пен жылдамдық – полицейлерге қажет басты қасиеттер. Чемпионатта бұның үшеуі де сыналмақ. Әрбір команда 4 адамнан тұрады. Қатысушылар Макаров тапаншасынан атып, шаңғымен жүгіреді. Бұл – ерлер мен әйелдерге қойылып отырған ортақ талап. Ал, соңғы жарыста нәзікжандылар денені жерден көтеруден сынға түссе, жігіттер білтемірге тартылулары қажет.

Дамир Бекмурзин – СҚО ПД арнайы дайындық басқармасының бөлім бастығы:

– Қысқы президенттік көпсайыс Ішкі істер министрілігі спартакиадасының алғашқы туры болып келеді. Чемпионатқа 12 полиция департаментінің 48 мықты полицейі қатысуда.

Мергендікті сынайтын кез жетті. Бұл сайыста алдымен елордалық құрама шықты. Бәсеке басталмас бұрын қатысушыларға дайындықтарын тексеріп алу үшін 3 мүмкіндік беріледі. Барларын салған астаналықтар 400 ұпайдың 335-іне ие болды.

Нұрсәуле Дәулетқалиева – Сарыарқа ауданы полиция басқармасы бөлімінің аға анықтаушысы, Астана қаласы:

– Тирда 3 мүмкіндік беріледі, кейін атқан 10 оғымыздың қаншасы нысанаға тигені есепке алынады. Екі арадағы қашықтық – 25 метр. Командамыздың көрсеткіші жаман емес, жеңістен дәмеліміз.

Президенттік көпсайыстың соңғы күнінде шаңғы жарысы өтеді. Ер жігіттерге – 5, ал нәзікжандыларға 3 шақырымды еңсеру қажет.

Эльмира Садвокасова