Қоғам

Амал мерекесі аталып өтілді

Көрісу күні немесе Амал мерекесі. Бұл – Наурыз мейрамының негізгі салттарының бірі. Бұрынғы заманда ата-бабамыз қытымыр қыстан аман-есен шыққандарына шүкіршілік етіп, бір-бірінің халін біліскен. Ал кішілер жағы үлкендермен кездесіп сәлем берген. Бүгін Амал мерекесін әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы ардагерлер кеңесімен бірігіп атап өтті. Оқушылар қазыналы қарияларға қонаққа барып, олардың батасын алды.

Бір жасыңызбен! Бүгін – мұсылман күнтізбесіне сәйкес, шуақты көктемнің алғашқы күні. Яғни, “Көрісу” салты. Аязы ызғарлы, қары қалың қыс артта қалды. Табиғат жаңарып, оянуда. Ал, жұртшылық болса, бір-бірін қонақ қылып, сәлем берісіп жатыр.

Шынын айту кереу, кезінде Кеңес үкіметі 70 жыл бойы Наурыз мерекесін тойлатпай келген. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткенде ғана барып ұлттық мерекеміз қайта жаңғырып, сәйкесінше Наурыз мерамының негізгі салттарының бірі – “Көрісу” рәсімі де аталып өтіледі.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Біздің жастық кезіміз 50-60 жылдар ғой. Онда мұндай мереке туралы естіген жокпыз. Сондықтан, біздің парымыз – мейрамды жастардың санасына құйып, атадан балаға мирас ету.

Облыстық ардагерлер кеңесіне бүгін әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары мен мұғалімдері келген. Жеткіншектер аға буын өкілдерінің халін сұрасып, әңгіме-дүкен құрды. Тілектерін білдіріп, қазыналы қарттарымыздың баталарын алды.

Ыстық бауырсақ пен қымыздың хош иісі Амал мерекесінің белгісі іспеттес. Кезінде әр үйдің үлкендері таң атысымен түрлі тағам әзірлеп, көрісуге келетін бала-шағаны күтіп отырған. Ал, жастар өз кезегінде ән-мен биден шашу шашады екен.

Күлімкөз Смайылова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

– Бүгін біз үш жерге барып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетеміз. Арнайы дайындаған Наурыз көжемізді апарамыз. Ән мен күй арқылы көңілдерін көтермек ниеттеміз.

Терең мағыналы мерекенің көркін келтірген жастарға облыстық ардагерлер кеңесі кішігірім сый тарту етті.

Эльмира Сәдуақасова