Білім

Петропавлда “Жас маман – жаңа белес” атты іс-шара өтті

Жас маман – жаңа белес. Петропавлда осындай атаумен білім саласының қызметкерлері арасында ауқымды іс-шара өтті. Жиында қала мен аудандардан келген жас кәсіп иелері, ардагер ұстаздар мен оқу ошақтарының директорлары – барлығы 150-ге жуық адам бас қосты.

Осыдан 1 ай бұрын қалалық және аудандық жас педагогтардың арасында арнайы сауалнама жүргізілген екен. Аталған шаруа үш бағыт бойынша өтіпті. Мақсат – жас мамандардың алдында кездесетін мәселелерді анықтау. Бүгін аталған шаруаның нәтижесі бойынша білім саласының қызметкерлері диалог алаңын құрып, бірқатар проблемаларды талқылауда.

Гүлмира Кәрімова – облыстық білім басқармасының басшысы:

– Оларға бірден 11-сыныпты беруге бола ма, сондай-ақ, ата-аналардың алдында сөйлей ала ма, сабақ бере ала ма деген сұрақтарды қарастырып отырмыз.

Қазбек Қабдуллов – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын оқып шыққан екен. Қазір азамат 10-шы орта мектепте 1,5 жылдай еңбек етіп келеді. Ол үшін ең қиыны ата-аналармен жұмыс істеу болған. Бірақ, тәлімгерлердің көмегімен қазір көптеген жетістіктерге жеттім дейді жас маман.

Қазбек Қабдуллов – №10 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– Негізінен бізде колледжде практика көп болды. Оның септігі тиді. Ал мектеп қабырғасына келгеннен кейін көптеген қиындықтар болды. Бірақ, тәлімгерім маған көмектесіп отырды.

Ал Гүлжайна Пірімбетова болса, 2018 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін аяқтап, бірден Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына аттанған екен. Қазір ол 5 пен 11-сынып аралығындағы оқушыларға сабақ береді. Мұғалім болып 1 жылдай жұмыс істеп жүрген нәзікжанды осындай іс-шаралар педагог ретінде дамуға септігін тигізеді дейді.

Гүлжайна Пірімбетова – Бостандық орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Мұндай ток-шоулар бізге өте қажет деп ойлаймын. Себебі, біздің алдағы уақытта жұмыс жасауға тікелей ықпалын тигізеді.

Маман тәрбиелеуде ардагер ұстаз Сәуле Керееваның атқарған еңбегі орасан зор. Себебі, ол білім саласында 40 жыл бойы қызмет тер төккен. Талай жасқа дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, қолдау көрсетіпті. Өзі де еңбек жолын жаңа бастаған уақытта бірқатар қиындықтарды еңсерген. Сол себепті, жас кәсіп иелерін не толғандыратынын жақсы түсінемін дейді.

Сәуле Кереева – ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Ең бірінші қиыншылық – ата-аналармен сөйлесу болған. Сол кезде маған білімді, ұлағатты ұстаздар өз көмегін көрсетті.

“Жас маман – жаңа белес” іс-шарасы өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиынға жас мұғалімдер, оқу ошақтарының директорлары мен құрмет демалысындағы ардагер ұстаздар қатысты. Жалпы, қазіргі таңда облысымызда мектептерде 17 мың педагог жұмыс істейді екен. Оның 2 мыңға жуығы – жас мамандар.

Молдир Шаяхмет