МТРА жаңалықтары

Ұлыстың ұлы күнін тойлау наурыздың 14-і бастау алады

Жаңа қала-жаңа ел, Қариясы бардың қазынасы бар және Жас келсе – іске. Ұлыстың ұлы күнін тойлау бір аптадан астам уақытқа созылмақ. Әрбір күнге жекелей тақырып арналған. Мәселен, мейрам наурыздың 14-і – Көрісу салтынан бастау алады.

– Наурыз мерекесі бұрынғы заманда айдың 14-ші жұлдызынан басталыпты. Бұл – көрісу күні деп аталған. Кіші мейрам десек те болады. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан халық бір-біріне қонаққа барып, кішілері аға буын өкілдеріне сәлем берген. Сондай-ақ, жаңа жылға өкпе-ренішсіз қадам басу үшін бір-бірінен кешірім сұраған. Аталған салт еліміздің кейбір өңірлерінде бүгінге дейін сақталған. Енді, оны теріскейліктер де қайта жаңғыртпақ ниетте.

Яғни, Ұлыстың Ұлы күнін тойлау ертеңнен-ақ бастау алады.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Ертен көрісу күнінде біздің ардагерлер кеңесіне мектеп оқушылары келеді. Олар қазыналы қарттарымызға сәлем беріп, баталарын алады.

Бұл биылғы жаңару мейрамын тойлаудағы жалғыз ерекшелік емес. Наурыздың 22-сіне дейінгі әр күнге жеке тақырып берілген. Мәселен, ағымдағы айдың 15-ші жұлдызы қазыналы қарияларымызға арналмақ. Жастар жағы қарттарға құрмет көрсетіп, ұлықтайтын болады. Ал, сенбілік шаралар «Жаңа қала – жаңа ел» атауымен өтеді. Өңір тұрғындары тазалық шараларына атсалыспақ. Жұртшылық үйлері мен аулаларын тазартып, қар шығарады. Бұл ретте ұл-қыздарымыз аға буын өкілдеріне қолғабыс етеді.

Әсем Рахметова – СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Жексенбі күн «Отан – отбасыдан басталады» деген тақырыпқа арналады. Наурызға жанұямызбен дайындалсақ деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз. Ал, Наурыздың 18-і «Жас келсе – іске» тақырыбында Жастар жылына арналған шаралар легі ұйымдастырылады.

Ал, Наурыздың 19-ы – «Қайырымдылық – қайырымды іс» тақырыбына арналмақ. Аты айтып тұрғандай, бұл күні жомарт жандар мұқтаж адамдарға қолдан келген көмегін көрсетеді. Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған жанұялар, қариялар мен мүгедектер де назардан тыс қалмайды.

Көтеріңкі көңіл-күй, ұлттық ән мен би және ойындарға толы нағыз мереке 20-сынан бастау алады. Мейрамды әрбір балабақша, мектеп, кәсіпорын мен мекемелер өз ұжымдарында тойлауға міндеттелмек. Ұлттық киім киіліп, қазақтың кең дастарханынан дәм татылатын болады. Ал, мемлекеттік органдар болса, бұны ертең-ақ бастамақ. Мамандар наурыздың 14-інен жұмысқа қамзол және шапан киіп келеді. Бұл – Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге бағытталған шаралардың тек бір парасы ғана. Демалыс күндері өнерсүйер қауымның делебесін қоздыратын республикалық аламан айтыс ұйымдастырылады.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Наурыздың 16-сы Оқушылар сарайында Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі өз жұмысын бастайды. Ашылу салтанатынан кейін ауқымды конференция өтеді. Ал, наурыздың 17-сі аламан айтыс болады. Оған еліміздің мықты айтыскер-ақындары қатысады.

Осылайша, ертеңнен бастау алатын Наурыз мейрамын тойлау ағымдағы айдың 24-іне дейін жалғасады. Мерекеге Қорған, Түмен, Омбы облыстарының өнер иелері де ортақтаспақ. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары да мерекенің көркін қыздырады. Басты алаңда тақырыптық 7 киіз үй тұрғызылмақ. Әрбір шаңырақ Ұлы даланың жеті қырына арналады. Осылайша, тұрғындар атқа міну, кен өндіру, аң стилі, Алтын адам мен Ұлы Жібек жолының тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Эльмира Садвокасова