Құқық қорғау органдары

Конституция көшесіне бомба қойғанын хабарлаған бұзақы ұсталды

Петропавлда “телефон террорисі” ұсталды. 44 жастағы қала тұрғыны Қазақстан Конституциясы көшесіне бомба қойдым деп хабар берген. Бірақ, жедел әрекет ету жасақтары жарылғыш затты таппады.

Қазақстан Конституциясы көшесінде әрқашан халық көп. Қалалықтар жиі серуендейтін жерде түрлі әкімшілік ғимараттар мен ойын-сауық орындары орналасқан. Наурыздың төрті шаһардың бас көшесінде күтпеген жағдай тіркелді.

Саят Ермек – тілші:

– Түнгі уақытта ПД-нің 102 желісіне қоңырау түседі. Онда белгісіз ер азамат Конституция даңғылы бойына бомба қойылды, ол таңғы сағат 6-да жарылады деп хабарлайды. Ақпарды ести салысымен полиция жасақтары, құтқарушылар мен ақхалаттылар көтеріледі. Ал саперлар мен кинологтар көшені бастан-аяқ тінтіп шығады, бірақ түк таппайды. Бұл бәз біреудің қалжыңы болып шыққан.

Спартак Қабденов – СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:

– Жарылғыш зат табылған жоқ. жедел іздестіру шаралары барысында 1975 жылы туылған Петропавл тұрғынын ұстадық. Ол алкогольдік мас күйінде болған. Айғақ ретінде ұялы телефонын алдық.

Қазір бұл бұзақылық фактісі бойынша тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр. Кінәсі дәлелденсе, ішімдікке тойып алған ер адамның орынсыз қалжыңы оны темір торға тоғытуы мүмкін. “Бомба қойылды” деп жалған ақпарат таратқаны үшін ол енді заң алдында жауап береді. 5 мың АЕК, яғни шамамен 12 жарым млн теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығы шектетіледі не қамауға алынады. Жазаны сот тағайындайды.

Саят Ермек – тілші:

– Полицейлердің сөзінше, пәленше жерге бомба қойылған деген жалған ақпаратты көбіне мас адамдар, психикалық ауытқуы бар жандар немесе ерігіп жүрген жасөспірімдер хабарлайды. Бұл – 2019 жылдағы алғашқы қоңырау. Ал былтыр облыста мұндай 10 факті тіркелген. Осылайша, екі жерлесіміз темір торға қамалған, қалғандары айыппұлмен құтылыпты.

Саят Ермек