МТРА жаңалықтары

Донорлар қан тапсырды

Өмір сыйла – донор бол! Бүгін осындай атаумен облыстық қан орталығында кезекті акция болып өтті. Шарапаты бол шараға қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері мен қаладағы пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған 40-тан аса жан қатысты.

Бүгін облыстық қан орталығының дәлізінде ұзын-сонар кезек. Мұнда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері қан тапсыруға келіп отыр. Мамандармен қатар қаламыздағы пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған жандар да донор атанбақ.

Бөкенбай Жүсіпов – СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы:

– Бүгін біздің департаменттің 35 қызметкері және пробациялық есепте тұрған 7 азамат қан тапсырады. Осы шара арқылы тұрғындарға көмек көрсеткіміз келеді.

Қазір пробациялық есепте 3 жылдан бері тұрған Алексей Козлов қан тапсырады. Ол бұл игі шараға алғаш рет қатысып отыр екен.

Алексей Козлов:

– Осындай шара өтетіндігі жайлы маған инспектор маман айтып, қатысуға шақырды. Оның ұсынысымен бірден келісіп, орталыққа келдім. Өзім донор атанып, тұрғындарға көмектескім келеді. Салауатты өмір салтын сақтаймын. Спортпен айналысамын. Сондықтан, менің қаным жарайды деген ойдамын.

Алдымен “Өмір сыйла – донор бол” акциясына қатысушылар тіркеуден өтті. Кейін, саусақтан қан беріп, маманның қарауына жүгінді. Мұнда трансфузиолог-дәрігер Динара Қалуова зерттеуалды сараптамаға көз жүгіртіп, келушінің қан қысымын өлшеді, денсаулығына қатысты сұрақтар қойды. Кейін барып қана донор атануға рұқсатын берді.

Сонымен кезек, акцияның негізгі бөліміне де жетті. Қазір мына залда бірнеше адам қан тапсырып жатыр. Солардың бірі – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің инспекторы Бақтияр Исмаилов. Азамат бірнеше жылдан бері донор болып жүр.

Бақтияр Исмаилов – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің инспекторы: 

– Мен жиі қан тапсырып отырамын. Жылына 3-4 рет осында келіп тұрамын. Қосымша акцияларға да қатысамын. Қан тапсырған денсаулыққа пайдалы. Өзіңді сергек сезінесің.

Негізі, орталыққа келген әр донор 450 миллилитр қан тапсырады. Орлардың әрқайсысына ақша беріледі. Төлем құны 631 теңгені құрайды. Айта кетейік, шарапаты мол шара соңында барлығы 11 литрге жақын қан жиналды.

Култанов Байболат