МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Қолмен істегенді мойынмен көтер. Өз міндетін уақытылы атқармаған Мамлют ауданындағы Становое селолық округінің әкімі Рақымжан Әбденовті жұмыстан босату керек. Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері оған қатысты осындай ұсыныс жасады.

Жалпы, жиында 11 сауал қаралды. Соның 3-уі – тәртіптік іс. Ең алдымен Аққайың ауданына қарасты Астраханка селолық округінде орын алған келеңсіз оқиға қаралды. Аталған ауылдық округ әкімі Айгүл Жүнісбаева үстіміздегі жылдың күзінде алқабынан картобын жинай алмай жүрген кәсіпкерлердің біріне көмек қолын созбақшы болып, өзінің қарамағындағы мамандардың бірі – Айман Әбілмәжіноваға бұл іске жұмыссыз жүрген жандарды тарту қажеттігін тапсырады. Оны дұрыс түсінбеді ме әлде екі қолға бір күрекпен қамтылмағандарды іздегісі келмеді ме, әйтеуір мемлекеттік қызметші бұл шаруаны мектеп директорына жүктеген.

Нұргүл Қахабаева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Осыған байланысты мектеп директоры қаулы шығарып, 9 қазан, сейсенбідегі сабақты демалыс күн, яғни сенбіге ауыстырған. Ал картоп жинауға барлық оқу ошағының ұжымы мен 11-сыныптың бір оқушысы тартылған.

Кейін нақ осы іске қатысты Айман Әбілмәжінова өз басшысы, яғни селолық округ әкіміне қатысты әдеп жөніндегі нормалары мен оқу ошағының жұмыс жоспарын бұзды деп шағым түсірген. Жиында олардың бірі де бас көрсетпеді. Ал сөз алған облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабайдың айтуынша, бұл ауылдық округтегі алғашқы шу емес.

Дулат Тайшабай – СҚО әкімі аппаратының әдеп жөнідегі уәкілі:

– Аталған мемлекеттік қызметші Айман Әбілмәжінова осы іске қатысты бізге де келіп, өз шағымын білдірген болатын. Біз атқамінермен сөйлестік, ол осындай жағдайдың шынымен болғанын растады. Тіпті, аудан басшысы оған желтоқсан айында сөгіс те жариялады. Жалпы айта кетейін, селолық округ әкімдігі ұжымының моральдық-психологиялық қарым-қатынасы нашар. Содан даулы жағдайлар жиі туындайды.

Астраханка селолық округінің әкімі Айгүл Жүнісбаеваның бір тәртіптік жазасы бар болғандықтан әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл істі тоқтату туралы ұсыныс тастады. Кейін талқыланған сауалға қатысты да нақ осындай пікірлерін білдірді. Уәлиханов ауданындағы Қайрат селолық округінің әкімі Ержан Бітниев аудан басшысының есеп беру кездесуінде жасаған ұсынысы үшін кеңеске шақыртылған. Оқиға үстіміздегі жылдың қаңтар айында орын алыпты.

Мұрагер Рүстем – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Есеп беру кездесуінде Қайрат селолық округінің әкімі Ержан Бітниев ең алдымен аудан азаматтарының пікірін тыңдап, содан кейін ғана жиынға қатысып отырған өзге өңір тұрғындарына сөз беру керек деген ұсынысын айтқан. Бұл жиынның видеосы аудандық әкімдіктің фейсбук парақшасында да бар. Онда мемлекеттік қызметші ешбір адамның ар-намысына тиетін сөз айтпаған. Бірақ, оның атына Мәулет Айтмағанбетов атты азамат шағым түсіріпті.

Бұған қатысты Қайрат селолық округінің әкімі Ержан Бітниевтің өз айтары бар.

Ержан Бітниев – Қайрат селолық округінің әкімі, Уәлиханов ауданы:

– Менің тарапымнан заңбұзушылық болған жоқ деп есептеймін. Мәдениетті түрде хабарлама жасадым. Ал осындай ой білдіруді ауыл тұрғындары ұсынды. Өйткені, Айтмағанбетов есептік жиындарға жылда қатысып, кездесу у-шумен аяқталады. Былтыр тіпті елді мекен тұрғындарына сөз де тимеді. Сондықтан, мен ең алдымен нақты ауыл азаматтары өз базыналарын жеткізсе екен дедім. Ал аталған ер адам ауылда тіркелген болса да 15 жылдан астам уақыттан бері онда тұрмайды. Ақмола облысында тұрмыс кешеді.

Оның үстіне Мәулет Айтмағанбетов Қайрат селолық округінде бірнеше нысанды сатып алып, рәсімдемей жүрген көрінеді. Нәтижесінде мемлекетке салық төленбейді. Оның үстіне ғимараттар не қалыпқа келтірілмейді, не маңайы да абаттандырылмайды екен. Сондықтан, кеңес мүшелері жауапсыз кәсіпкердің ісін реттеу қажет деді. Ал келесі қаралған сауалда жиылғандар бірден сыбайлас жемқорлықтың иісі аңқитынын аңғарды. Мамлют ауданындағы Становое селолық округінің әкімі Рақымжан Әбденов Афонькино ауылындағы жолды шілде айында қалыпқа келтіруі тиіс болатын. Мердігер компанияға тіпті алдын ала қаржыны да аударып қойған. Өзі емес әрине, қарамағындағы маман. Оның бұл әрекетін атқамінер білмейді-мыс.

Рақымжан Әбденов – Становое селолық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Менің рұқсатымсыз ешбір қаржы аударылмасын деп қатаң ескерттім. Бірақ, қызметке жаңадан келген бас есепші бұл айтқанымды тыңдамай, мердігер компанияға ақшаны аударып жіберген. Мен онысын білмедім. «Сүлейменов» жеке кәсіпкерлігі жөндеу жұмыстарын шілде айында бастауы тиіс еді. Алайда, олар Есіл ауданында еңбектеніп жатырмыз деп уақытылы келмеді. Кейін мен талай рет хабарластым. Олар бізге қыркүйек айында бірақ жолықты.

Сөйтіп, жөнделуі тиіс жолға қиыршық тас та төселмей, бюджеттен бөлінген 858 мың теңге де кәсіпкердің қалтасында кеткен. Ал Рақымжан Әбденов болса, қазан айына дейін бұған қатысты ешбір шара қолданбай жүре беріпті. Тек айдың 17-сі ғана жеке кәсіпкерге хабарлама жіберіп, кейін сотқа өтініш тастаған. Бүгіндері компания жол жөндеуге алған қаржыны және 60 мың теңге көлемінде айыпақы төлеген. Ал Афонькинодағы жолды енді басқа әкім қалыпқа келтіретін болады. Өйткені, кеңес мүшелері Рақымжан Әбденовті жұмыстан босату туралы ұсыныс жасады.

Магжан Ахмадина