Құқық қорғау органдары

Қалалық №2 полиция бөлімі жаңа ғимаратқа көшті

Жұмысшы кентіндегі қалалық №2 полиция бөлімі жаңа ғимаратқа көшті. Енді құрылым сапындағы 100-ден астам полицей кең әрі жайлы ғимаратта қызмет етеді. Сондай-ақ, мұнда “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы аясында заманауи фронт-офис та жұмысын бастады. Мұнда жұртшылық  мамандардан  толғандырған сұрақтарына құқықтық тұрғыда кеңес алады.

Қалалық екінші полиция бөлімі енді мына тұрғын үйдің алғашқы екі қабатында орналасады. Аталған құрылым Жұмысшы кенті, Вокзал маңы, Береке ықшам ауданы мен Өндірістік аймақта тұратын 70 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жеке құрам 116 тәртіп сақшысынан тұрады екен. Бұған дейін олар ескі әрі тар ғимаратта жұмыс істеп келген. Оған қарағанда жаңа мекен кең, жайлы, жарық әрі кабинеттердің саны да көп.

Жандос Мұқатов – Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы:

– Жаңа ғимаратқа көшудегі себеп – қыземткерлеріміздің жұмыс жағдайын жақсарту. Тергеу бөлімі, криминалдық бөлім, жергілікті полиция және ювеналдық полиция қызметтері орналасатын болады. Бұл жерде көбіне ұрлық болады. Оның алдын алу мәселелерін жасап жатырмыз. Өйткені, сотталған адамдар көп, солармен жұмыс жасау қажет. Себебі, олар жұмысқа тұрмағандар, үйлерінде жатады. Тамақ ішу қажет, сосын біреуден бірдеңе ұрлап кетеді.

Мұнда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оны алғашқылардың бірі болып облыс және қала басшылығы мен департамент бастығы аралап шықты. Жаңа нысанда заманауи фронт-офис, кезекші бөлім, кең мәжіліс залы, жұмыс кабинеттері мен асхана бар. Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Гариф Хамзаевтың сөзінше, Жұмысшы кентінде қалта және пәтер ұрлығы қаулап тұр. Жаңа қызмет орнында жасалып отырған жағдайлардың нәтижесінде сол қылмыстардың ашу деңгейі біршама жоғарылауы тиіс дейді тәртіп сақшысы.

Гариф Хамзаев – қалалық ПБ №2 полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– 2014 жылдан бастап осы №2 полиция бөлімінде қызмет істеймін. Жұмысымыз қылмыстың алдын алу, ашу және қылмыспен күресу. Жаңа ғимараттың бөлмелері үлкен, таза, ыңғайлы. Барлығы жақсы.

Екінші полиция бөлімі Островская көшесі 114 мекен жайы бойынша орналасқан. 4 қабатты тұрғын үйдің алғашқы екі қабатында бөлім орын тепсе, жоғарғы қабаттарында адамдар тұрады. Мұндай көршілерге тұрғындар дән ризамыз дейді. Шаһардың бұл ауданындағы тағы бір түйіткіл – есірткі саудасы мен нашақорлықтың белең алуы. Сондықтан, Мичурин көшесі, 4 мекен жайындағы бұрынғы ғимаратта облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын орналастыру жоспарланып отыр.

Саят Ермек