МТРА жаңалықтары

Мәслихаттардың құрылғанына – 25 жыл

Осыдан тура 25 жыл бұрын 7-наурызда Халықтық депутаттар кеңесінің орнына жаңа орган – мәслихаттар құрылды. Еліміз егемендігін алып, аяққа енді тұрып жатқанда тұрғындардың қордаланған мәселелерін шешу депутаттарға оңай соққан жоқ.

Ерембек Әубәкіров үшін облыстық мәслихат ғимараты ерекше ыстық. Өйткені, ел тәуелсіздігін алып, 1994 жылы алғашқы мәслихаттар құрылғанда ол хатшылық қызметке тағайындалған.

Ерембек Әубәкіров – І,ІІ,ІІІ шақырылымдардағы облыстық мәслихаттың хатшысы:

– 1-ші шақырылымға әр түрлі ұлттың өкілдері, қоғамдардан депутаттар сайланды. Бюджет қабылдағанда әр депутат өзінің сайланған округіне қарай тартып, кейде сессия екі күнге дейін жалғасатын.

Кейін бұл тәртіп өзгертіліп, тұрақты коммисиялар құрылған екен. Олар сессия алдында екі-үш күн бұрын жиылып, барлық сұрақтарды қарастырып, жиынға келгенде тек нақты мәселелер ғана талқыланыпты. Ал ол кезде халықтың көтерген базынасы көп болған.

Ерембек Әубәкіров – І,ІІ,ІІІ шақырылымдардағы облыстық мәслихаттың хатшысы:

– 5 жылдың ішінде қаржының тапшылығына байланысты ауылдық жерлердегі фельдшерлік пункттер мен мектептер жабылып жатты. Жұмыссыздық болды. Сондықтан, қарапайым отбасыларға қажетті нәрселерді қарайтынбыз алдыменен.

Жалпы, 1-ші шақырылымға 219 депутат сайланыпты, 45-і облыстық деңгейдегі халық қалаулылары болған. Ал 1999 жылы олар тағайындалған мерзім аяқталып, жаңа депутаттар құрамы жасақталыпты. Бірақ, Ерембек Әубәкіров облыстық мәслихат хатшысы болып қала берген. Сөйтіп, қызметін 3-ші шақырылымда да, яғни 2003-2007 жылдар аралығында жалғастырды. Кейін зейнетке шығып, өз орнын Қайырлы Едіресовке босатып берген. Ол да 4-ші, және 5-ші шақырылымдар бойы депутаттар жұмысын бақылаған. Мерейтой қарсаңында қазіргі облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко – барлығы кездесіп, өткен күндерді еске алысты.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихат хатшысы:

– Депутаттар әрқашан халықтың мұң-мұқтажын қозғап, ел экономикасының дамуына зор үлес қосты. 2016 жылы сайланған 6-шы шақырылымдағы халық қалаулыларының қатарында бизнес өкілдері, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала қызметкерлері бар. Олар өз секторларындағы проблемаларды жақсы біледі әрі оларды шешуге тырысады.

Бүгіндері ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқан өңірдегі 217 депутаттың 28 пайызы әйел азаматтар екен. Және барлығының 92 пайызы – «Нұр Отан» партиясының мүшелері.

Магжан Ахмадина