Қоғам

Үй шатырларындағы мұз сүңгілерді дер кезінде түсіру керек

Қала көшелерімен кетіп бара жатып үйдің шатырында қыс бойы жиналған қар мен салбырап тұрған сүңгілерді көруге болады. Мұндай көрініс бірден үрей тудыратыны түсінікті. Биылға Петропавлда төбеден мұз құлау фактілері әзірге тіркелген жоқ. Бұндай жағдайларды алдағы уақытта да болдырмау үшін дер кезінде әрекет ету керек.

“Рахат үй” ПИК қарамағында 4 баспана бар. Осыдан бірер күн бұрын олардың шатырларындағы оппа қар белден келетін, алып мұздар да салбырап тұрған. Өтіп бара жатқан адамның басына түсіп кетуінен қауіптеніп кооператив жұмысшылары төбені тап-тұйнақтай қылып тазалап қойыпты.

Юлия Андроненко – “Рахат үй” ПИК төрайымы:

– Шаруаны өз күшімізбен атқаруға тырысамыз. Барлық қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз. Әліміз жетпеген учаскелерге өндірістік альпинистерді жалдаймыз. Қысқы маусымда төбелерді тазартуға шамамен 20 мың теңге жұмсалады. Барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін.

Бірақ, төрағалардың барлығы Юлия Андроненко сияқты іске жауапкершілікпен қарамайды. Шаһар бойынша көпқабатты тұрғын үй мен биік ғимараттар шатырларының көбінде қар мен мұз салбырап, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр, яғни кей кооперативтер мен коммерциялық нысандардың қожайындары өздеріне жүктелген міндетке немқұрайлы қарайды.

Ерсайын Альясов – қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Петропавл қаласын абаттандыру ережелеріне сәйкес шатырларды қардан тазарту жұмыстарына ПИК төрағалары мен биік ғимараттың иелері жауапты. Біз оларға көктем сайын тиісті хабарламалар жібереміз. Бірақ, көбі бұған пысқырмайды. Оларға әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 505-бабына сәйкес шара қолданылады. Яғни, кооперативтерге – 40, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Азаматтарға да абай болған жөн. Биік нысанның жанынан өтіп бара жатқанда басты бір көтеріп қойған абзал. Егер мұз сүңгілер мен қалың қардың шатыр шетінде жатқанын байқасаңыз, алшақ жүру керек. Себебі, ойламаған жерден оқыс оқиғаның орын алуы әбден мүмкін.

Саят Ермек – тілші:

– Соңғы тосын жәйт наурыздың 6-сы орын алды. Тек Петропавлда емес, көрші жатқан Павлодарда. Шатырдан салбырап тұрған мұз 16 жасар жеткіншектің басына құлаған. Ажал айналып өткенімен, 50 сантиметрлік семсер мектеп оқушысының миын шайқап, ауруханадан бір-ақ шығарыпты.

Бұдан бөлек, қаланы қардан тазартумен айналысатын 10 шақты кәсіпорынның кейбірі шаруаны сылбыр жүргізеді. Бұл – “Рахат” сауда үйінің жанындағы көрініс. Жұмысшылар ақ ұлпаны адамның бойындай үйінді қылып жинап, солай қалдырып кеткен. Әкімдіктегілер, әдеттегідей, бәрін бақылауда ұстап отырмыз дейді. Сөздерінше, мұндай жауапсыз кәсіпорындармен әңгіме қысқа.

Дулат Шәріпов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Жауапсыз мекемелер өз жұмысын сапасыз орындаса, онда дәл сол мекемеге қаражат берілмейді. Қазіргі уақытта 2 млн. теңгеден астам ақша жұмысын сапасыз атқарған мекемелерге төленген жоқ. Жұмыс барысын біздің мамандар шығып, қабылдайды.

Егер үйінділер шаһар сыртына шығарылмай, осы күйі қалса, күн жылынғанда жаппай еріп, маңайды адам аяқ баса алмайтын көлге айналдырады. Қар шығару жұмыстарын, әсіресе, Береке, Қапай және Ойқала ықшам аудандары мен Жұмысшы кентінде қарқынды жүргізу қажет дейді көпшілік.

Саят Ермек