Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау

“Қазақавтожол” серіктестігінің жергілікті филиалы өңір аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстаумен айналысады. Биыл кәсіпорынның жұмысына 1 млрд 700 млн теңге бөлініпті. Қаржыға мекеме қызметкерлері қысқы мезгілде қар тазалайды, трассаларға құм-тұз қоспасын төсейді, бағаналар мен ақ ұлпаны ұстап қалатын қалқандар орнатады.

Бұл – республикалық маңызға ие Петропавл-Астана автомобиль жолының 473-ші шақырымы. Яғни, Бескөл ауылының сырты. Қазір мұнда “Қазақавтожол” серіктестігінің камазы жұмыс істеп жатыр.

Нақтырақ айтсақ, арнайы көлік ішіндегі маман көктайғақтың алдын алу үшін трассаға тұз-құм қоспасын шашып жүр.

Азамат Шүбеков – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ бас инженері:

– Талап бойынша жолдың дөңес және төмен орналасқан жерлеріне инертті материал төселу қажет. Мәселен, қазір біздің мамандар Бескөл ауылының сыртындағы көпір маңына тұз-құм қоспасын себуде. Осылайша көктайғақтың алдын алып жатырмыз. Қарамағымызда инертті материал шашатын 28 машина бар. Олармен өңіріміздің аумағындағы барлық республикалық маңызға ие жолдарда жұмыс жүргіземіз.

“Қазақавтожол” серіктестігінің филиалы республикалық маңызға ие жол бойындағы бағандарға, электронды таблоларға және ескерту белгілеріне де жауапты. Яғни, аталған мекеме трассалардың шетіне осы аталған дүниелерді орнатуы тиіс. Мысалы, кәсіпорын өткен жылы Аққайың ауданына қарасты Астраханка селосының ішінде автомобиль жылдамдығын көрсететін қондырғыны іске қосыпты. Биыл мұндай жаңашылдық өңіріміздің басқа да елді мекендерінде пайда болмақ. Сонымен қатар, жолдағы жанармай құю бекеттері, дәмханалар маңында заманауи әжетханалар да салынып жатыр. Соның бірі – мына дәретхана. Оның іші таза, жарық әрі жылы суға дейін бар.

Қар тазалау ісі де басты назарда. Бұл жұмысқа60-қа жуық маман мен бірнеше техника жұмылдырылған. Оның біреуін Анатолий Самковский тізгіндеген. Жерлесіміз қазір тегеурінді Уралмен Аралағаш ауылының маңында жүр. Ол 1 тәуліктің ішінде 500 шақырымға дейін жолды еңсеріп, ақ ұлпаны трассаны шетіне шығарады екен.

Анатолий Самковский – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ жүргізушісі:

– Күндіз де, түнде де жұмыс істей береміз. Басты мақсатымыз – жолды тазалау. Биыл қар көп. Сондықтан, тоқтаусыз қызмет етіп жатырмыз. Көліктердің жол шетіне шығып кету фактілері де кездесті. Оларға тоқтап, көмектестік. Өзімнің машинам жаңа, тегеурінді. Онымен еш қиындықсыз қар тазалауға болады.

Сонымен қатар, кейбір мамандар жол шетіндегі қарды күрекпен тазалайды. Мысалы, қазір бір топ жігіт ескерту белгісінің маңына жиылған ақ ұлпаны лақтырып жатыр. Жалпы, бүгінде “Қазақавтожол” серіктестігінің облыстық филиалы өңір аумағындағы 1468 шақырым республикалық маңызға ие жолға жауапты. Осынша қашықтықтағы трассаны күтуге биыл 1 млрд 707 млн теңге бөлініпті. Бұл ақшаға біраз шаруа тындырылған.

Жаныбек Данешов – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ директоры:

– Қысқы кезеңде жолдардың бойына 210 дана ескерту белгісін орнаттық. 2 мың куб құм дайындалды. Мұның бәрін халықтың қамы үшін жасап жатырмыз.

Енді, кәсіпорын өкілдері көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарына кіріспек. Яғни, мамандар жоласты құбырларды тазалауға, ескерту белгілерін орнатуға әзірленіп жатыр.

Байболат  Култанов