Спорт

Есту қабілеті нашар жасөспірімдер арасында шағын футболдан турнир басталды

Өңірде есту қабілеті нашар жасөспірімдер арасында шағын футболдан республикалық турнир басталды. Оған Петропавл қаласы мен еліміздің 7 облысынан келген 8 құрама қатысып жатыр. Жарыс жеңімпаздары наурыздың 16-сы анықталады.

Есту қабілеті нашар жасөспірімдер арасындағы бұл сайыс осымен 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге сай оған 16 жасқа дейінгі спортшылар қатысуда. Ойын 2 таймнан тұрады. Яғни, әрқайсысы 20 минуттан өтеді. Ең алдымен алаңға Алматы мен Шымкент қалаларының құрамалары шықты. Көк жейдедегі “Шымкент” командасы – осы чемпионаттың 3 дүркін жеңімпазы. Бұл жолы да олар басымдық көрсетуде.

Осы қарқынмен “Шымкент” құрамасы қарсыластарының қақпасына тағы 3 бірдей гол соқты. Сөйтіп, матч 4:1 есебімен аяқталды. Ал келесі болып ойын тізгінін “Атырау” мен “Астана” командалары жалғастырды. Атыраулықтар аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан, жасөспірімдер аздап қобалжулы. Бірақ, жеңістен үміт үзбейді. Себебі, оларды жаттықтырушылары бұл додаға 1 жыл көлемінде дайындаған екен.

Нұржан Касанов – “Атырау” құрамасының жаттықтырушысы, Атырау облысы:

– Өте жақсы дайындықпен келдік. Бүгінгі қарсыласымыз – “Астана”. Оларды жеңуге тырысамыз. Орташа деңгейдеміз. Спорт-интернат 2015 жылы ашылды.

Шағын футболдан өтіп жатқан республикалық чемпионатқа Петропавл қаласы мен еліміздің 7 облысынан келген 8 құрама қатысып жатыр.

Вячеслав Латышев – “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жетекшісі:

– Жарыс стандартты жүйе бойынша өтеді. Яғни, ең алдымен 8 құрама 2 топқа бөлініп ойнайды. Кейін әр группадан 2 жеңімпаз анықталып, олар өзара кубокты сарапқа салады. Чемпионатқа Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен СҚ, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстарының құрамалары қатысып жатыр.

Жалпы, чемпионаттың мақсаты – үздік команданы анықтап, ел құрамасына лайықты футболшыларды іріктеу. Жарыс жеңімпазы наурыздың 16-сы ақтық сында белгілі болады.

Саят Ермек