Қылмыс

70 келі марихуананы сатпақ болған тұрғын ұсталды

70 келі марихуана. Демалыс күндері аса ірі көлемдегі есірткі сатпақ болған 36 жастағы Петропавл тұрғыны құрықталды.

– Коробка № 3. Понятые подойдите! Производим осмотр багажного отделения.

Ер адам 70 келі есірткіні саудаламақ ниетте сатып алған көрінеді. Қара нарықта марихуананың бір келісі 70 мың теңгеге бағаланады екен. Алайда, оның арам ойы іске аспай қалды. Мамандар Петропавл қаласының 36 жастағы тұрғынын бірден құрықтапты. Күдікті қазіргі уақытта қамауға алынған. Айта кеткен жөн, ер адам бұрын істі болмапты.

Галина Жолымбетова – СҚО ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының инспекторы:

– Жедел-іздестіру шарасы барысында қала аумағында 1982 жылғы облыс тұрғыны ұсталды. Күдіктінің автокөлігін тексеру кезінде өзіндік иісі бар өсімдік тектес зат салынып, жабысқақ лентамен оралған 3 қорап табылды. Сараптама нәтижесіне сәйкес аталған зат салмағы 70 келіден асатын марихуана екені белгілі болды. Ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы, жыл басынан бері облыста есірткіге қатысты 53 құқықбұзушылық тіркелген. Сондай-ақ, 19 істің беті ашылыпты. Оның 94 пайызы ауыр және аса ауыр қылмысқа жатады. Яғни, ірі көлемдегі есірткіні сақтау, өткізу мен ел аумағына заңсыз кіргізу фактілері анықталған. Бар-жоғы екі жарым ай ішінде 71 келіден астам зиянды зат тәркіленіпті. Оның 60 грамы – героин.

Саят Ермек