Қоғам

Петропавлдықтар Масленица мерекесін атап өтті

Қыс, сау бол, көктем, қош келдің! Өткен апта бойы славян халықтарының ұлттық мейрамы – Масленица атап өтілді. Ал жексенбі күні мереке бар сән-салтанатымен шаһардың орталық алаңында тойланды. Мұнда жұртшылыққа құймақ пен шай тегін үлестірілді.

Славян халықтарының ұлттық ән-билері мен майлы құймақтың хош иісі. Орталық алаңда мерекенің нағыз қызған шағы.

Бұл – Масленица мейрамының тағы бір дәстүрлі сауығы. Ол мықты жігіттерге арналған. Білектің күшімен биік бөренеге өрмелеп, жоғарыда ілініп тұрған сыйлыққа қол жеткізу әркімнің қолынан бермейді. Ал Анатолий Гоморов бұл сынды бағыдндырды. Қаншалықты шаршаса да қазыққа өрмекшідей жабысқан 30 жастағы жігіт көптің қошеметіне бөленді. Ұтып алған сыйлығы – электр пеші.

Анатолий Гоморов – қала тұрғыны: 

– Бөрене өте тайғақ. Сондықтан, құлап кетпес үшін қолдың бар күшін салып, ұсталып тұру қажет. Ортасына жеткенде әлімнің таусылғанын сезіп, түскім келді. Бірақ, шыдамдық танытып, соңына дейін жеттім. Бұндай шараға жыл сайын қатысып тұрамын. Екі жыл бұрын шырын сыққыш ұтып алған едім, бүгін электр пешіне ие болдым.

Анатолий сынды шымыр жігіттер бізде көп деп сеніммен айтуға болады. Себебі, жеңімпаздарға тағайындалған төрт базарлықтың барлығын араға бір сағат та салмай тепсе темір үзер ер азаматтар үлестіріп әкетті.
Негізі, Масленица – славян халықтарының алты айлық қысты шығарып салып, жылы көктемді қарсы алу мерекесі. Бір апта бойы жұртшылық шуақты күннің символы саналатын дөп-дөңгелек құймақ пісіріп, үйді-үйге қонаққа барысты. Ал мейрамның соңғы күні ерекше сән-салтанатпен атап өтіледі.

Жұртшылық славяндардың ұлттық киімдерін киіп, би билеп, частушкалар айтты. Тағы, жерлестерімізге тегін құймақ пен шай үлестірілді, қызықты эстафеталар мен ауқымды концерт те ұйымдастырылды. Қорыта айтқанда әркім көңілі қалаған жерде көңіл көтеріп бақты.

– Бұл мейрам бүкіл халыққа бірдей. Орыс, қазвқ деп бөліспейміз. Сондықтан, әр мейрамға келіп тұрамыз.

– Бәріне денсаулық, бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

– Масленница мейрамымен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, ешқашан ауырмауларыңызды, ашық аспан тілеймін.

Бұл – Масленицаның тағы бір салты. Осылайша, жеті күнге созылған мерекелік шаралар осылай өз мәресіне жетті. Енді православ сеніміндегі христиандар 40 күн бойы ауыз бекітеді. Сосын Пасха мейрамын атап өтеді.

Саят Ермек