ТЖ

Өңірде соңғы 3 күнде құр құрсауынан 182 адам құтқарылған

Сырма, көктайғақ пен боран. Өткен демалыс күндері өңірде ауа райы бұзылып, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Салдарынан / мамандардың ескертуіне құлақ аспастан жолға шыққан азаматтардың көбі / қар құрсауында қалып қойыпты. Арасында 10 бала бар. Абырой болғанда, ТЖД мамандары барлығын да құтқарып алған.

Соңғы күндері өңірімізде жел толастамай тұр. Кейбір жерлерде секундына, тіпті 28-30 метрге дейін жетті. Сол себепті, 112 қызметі азаматтарға жолдардың жабылуы туралы күнделікті смс-хабарлама жіберіп отырды. Дегенмен, теріскейліктердің арасында бұл ескертулерге мән бермегендер де болды. Мәселен, наурыздың 7-і түнгі сағат 23:15-те Тимирязев ауданының тұрғыны жолдағы жағдайды сұрап 112 нөміріне қоңырау шалған. Мамандардан сапарға шығуға болмайды деген жауап алса да азамат аталған ескертуге құлақ аспапты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сәйкесінше, біздің шұғыл кезекшілер барлық түсіндіру жұмысын айтып, жолға мүлде шығуға болмайтынын ескертті. Алайда, осыған қарамастан, арада көп уақыт өтпестен сол кісі бізге қоңырау шалып, қар құрсауында қалғанын хабарлады. Кейін олардың барлығы құтқарылды.

Сондай-ақ, мұндай оқиға аталған ауданда наурыздың 8-і де қайталанған. 112 нөміріне таңғы сағат 11-лер шамасында Тимирязев ауылынан 25 шақырым жерде “Камаз” жүк көлігі жолда тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түседі. Жүргізуші эвакуациядан бас тартқан. Сондықтан, оған жедел-құтқару жасағы ыстық тамақ пен жылы киім жеткізген. Жолда қалу фактілері көбіне Тимирязев және Айыртау аудандарында орын алыпты. Біріншісінде – 11, ал екіншісінде 1 оқиға тіркеліп, қар құрсауында қалып қойған 182 адам эвакуацияланған.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Мерекелік күндері 112 телефонына 5717 қоңырау шалынған. Оның ішінде ауа райы мәселесі бойынша 3 мыңнан аса. Көбіне ақпараттық-анықтамалық сипатта.

Ұйытқыма жел, көктайғақ және тұман. Мұндай құбылмалы ауа райы облысымызда алдағы күндері де сақталмақ.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РММ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Наурыздың 2-ші онкүндігінде ауа температурасы түнде 0, -5 градус аяздан -8 және -13 градус аязға дейін құбылады.

ТЖД мамандары тұрғындарға телефонға 112 қызметінен келіп түскен смс-хабарламаларындағы мәліметті қаперде ұстау қажеттігін ескертеді.

Молдир Шаяхмет