Құқық қорғау органдары

Бизнес нысандарының қауіпсіздігі

Бүгінде облыс аумағында 100-ден астам жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Олардың көбісі техникалық жағынан / тиісті деңгейде нығайтылмаған. Өткен жылы осындай бекеттерде 1 тонау және 3 қарақшылық шабуыл жасау фактісі тіркеліпті. Полиция қызметкерлері бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, нысандарды ұрылардан қорғау шараларын талқылады.

Кездесуге ломбард, жанармай құю станциялары, күзет агенттіктерінің жетекшілері, әкімдік пен прокуратура өкілдері шақыртылған. Жиналғандардың алдында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов былтыр жанармай құю бекеттеріне жасалған қарақшылық шабуылдардың әрқайсысын саралап өтті. Тонау фактілерінің орын алуына көп жағдайда бейне камералардың істемеуі, кассирдің жұмыс орнының тиісті деңгейде қорғалмауы және кеңселердің күзет фирмаларынан алыстығы себепкер болған көрінеді.

Пётр Климов – СҚО ДП криминалдық полиция басқармасының бастығы:

–  Нысанға қылмыстық қолсұғушылық көп материалдық шығын әкелуі мүмкін және тіпті адам өміріне қауіп төндіреді. Біздің баршамыздың міндетіміз – бұндай жағдайлардың алдын алу. Сол себепті, сіздерден сұрарымыз – өздеріңізді, қызметкерлеріңіз бен жеке мүлкіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық амалдарды іске асыру қажет.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 73 ломбард бар екен. Ұрылар тарапынан оларға деген қызығушылық жоғары екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда полиция қызметкерлері аталған нысан басшыларымен жиі кездесулер ұйымдастырып, тиімді қауіпсіздік жүйесін құруды сөз етеді. Өткен жылы тәртіп сақшылары мессенджерде ортақ чат ашып, сонда кәсіпкерлермен әңгіме жүргізеді. Осылайша жылдам ақпарат алмасу екі жаққа да тиімді болып отыр.
Тағы бір кездесу екінші деңгейлі банк өкілдерімен, “Қазпошта”, “Қазақтелеком” филиалдарының жетекшілерімен және тағы басқа субъектілердің қатысуымен өткізіліпті. Жиын барысында оларға нысанға камералар орнату, пульттік күзет пен темір есік және қоршау қою қажеттігі айтылған.

Бекжігіт Бекбердиев – “Қазпошта” АҚ СҚОФ директоры:

– 2016-2017 жылдары 13 аудандағы пошта байланыс торабы мен қаладағы бөлімшелерде техникалық қорғаныс шаралары жүргізілді. Физикалық қорғау мәселесіне тоқталайық. Қазіргі таңда қалалық бөлімшелерде күзетші қою қажеттігі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Бұдан бөлек, жиында интернет-алаяқтық жайлы да сөз болды. Кездесу экскурсиямен аяқталды. Қонақтар қалалық полиция басқармасындағы жедел басқару орталығында және ведомствоның музейінде болып, түрлі жәдігерлермен танысты.

Байболат Бектемірұлы