Қоғам

Қалада бал жәрмеңкесі өтіп жатыр

Петропавлда бал жәрмеңкесі өтіп жатыр. Наурыздың 17-сіне дейін жалғасатын шарада табиғи тәттінің 25 түрін сатып алуға болады. Өнімнің барлығы Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған.

Көктем келгенде табиғат қана оянып қоймай, адам ағзасындағы созылмалы дерттер де асқынып, сыр беруі мүмкін. Бұл ретте ресейлік Калашников омарташылығы 20-дан астам ауруға шипа болатын табиғи антибиотикті ұсынады. Көрші елден ат терлетіп келген жәрмеңкеде қойылғанның барлығы – бал. Осымен бесінші жыл қатарынан теріскейліктердің тарапынан тәтті өнімге деген сұраныс өте жоғары.

Оксана Кравченко, сатушы-консультант:

–  Біз балды Ресейдің түрлі аймақтарынан жинаймыз. Омарташылықпен, әсіресе Башқұрстан және Қиыр Шығыс жерінде көптеп айналысамыз. Тағы Қырғызстаннан әкелінген балдың бірнеше түрі бар. Жалпы, қалалықтарға 25 сан алуан әселді ұсынудамыз. Араларында шаймен ішуге де және тек емдік мақсатта пайдалануға арналғандары кездеседі. Мәселен, соңғы санатқа ара желімі, тозаң мен балқарағай шайыры қосылған бал жатады.

Оксана Кравченконың сөзінше, теріскей тұрғындары әдетте жөке және қарақұмық балын сатып алады екен. Ал, түрлі ауруларға шипа болатын, емдік қасиеттерге бай өнімді солтүстікқазақстандықтар біле қоймайтын көрінеді. Бұл ретте сатушының көмегіне жүгінген абзал. Маман әрбір балға сипаттама беріп, қандай емде көмек болатынын баяндайды. Мәселен, гипертонияға шалдыққандар үшін Кандык қажет болса, асқазан-ішек ауруларына Джантак ем болады. Оған қоса, көздің көруі мен құлақтың есту қабілетін де жақсартады екен. Ал, ара желімі қосылған тау балы – нағыз әмбебап өнім.

Оксана Кравченко, сатушы-консультант:

–  Ара желімі қосылған жөке балы асқазан және ішек ауруларын емдеуге септеседі. Әсіресе, қабыну процесі жүріп жатқанда пайдалы. Бұл әдеттегі шайға қосып жейтін тәтті өнім емес. Сырқаттанған кезде оны күніне 2-3 рет тамақ ішер алдында қолдану қажет. Ал, ангинамен ауырсаңыз балдың бір ғана шай қасығы ем болады. Себебі, ара желімі – табиғи антибиотик.

Қант диабетіне шалдыққандар да өздерін тәтті өніммен қуанта алады. Сары қараған балы қан құрамындағы глюкоза деңгейін көтермейді екен. Ал, дәмі тіл үйірер халва жеймін дейтіндер үшін мұнда оның бірнеше түрі қойылған. Наурыздың бірі бастау алған жәрмеңке осы айдың 17 жұлдызына дейін жалғаспақ. Табиғи антибиотик аламын дегендерге Жастар сарайына асыққан жөн.

Молдир Шаяхмет