МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Өңір бойынша 800-ге жуық жігіт Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр. Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғалы бері тек 380 бозбала жарамды деп танылған. Осылайша, жоспар 63 пайызға ғана орындалып отыр. Бұның себебі неде? Мәселе облыстық әкімдіктің отырысында қаралды.

Жиында 3 мәселе қаралды. Алғашқысы облыс әкімінің есептік кездесуіне қатысты. Шара барысында өңір басшысына 210 сұрақ түскен екен. Базыналарын арқалап келгендердің арасында жергілікті жерде проблемаларын шеше алмаған елді мекендіктер де аз болмапты. Бұл ретте Құмар Ақсақалов өз ісін тиянақты атқара алмайтын аудан әкімдеріне ескерту жасады. Жалпы, қойылған сауалдардың барлығы дерлік қаражаттың бөлінуін талап етеді. Қазір өткір тұрған мәселелерді шешуге бюджеттен қаржы қарастырылуда. Айта кеткен жөн, ақша тек тұрғын саны көп ауылдарға бағытталмақ. Петропавл қаласы бойынша да шаһарлықтардан көптеп өтініш түсті. Бірі – аутист балаларға арналған орталық жайында. Өңірде аталған дертке шалдыққан 416 балғын бар.

Қанат Сәрсембаев – СҚО әкімі аппаратының басшысы:

–  Өңірде арнайы түзету мектебі бар. Онда 200 шақты балғын оқытылады. Аутист балаларған арналған 2 инклюзивті кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы үшеуін ашу жоспарда бар.

Қазір өңір басшылығы «Мирас» республикалық қорымен бірлесіп жұмыс атқаруда. Шаруа оң нәтижесін беретін болса, ерекше балаларға арналып орталық ашу мәселесі қарастырылмақ. Жалпы, облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген барлық сұрақтардың шешілуі бақылауға алынған. Кейін әңгіме ауаны мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеруіне көшті. Оның деңгейін жыл сайын Ұлттық Тестілеу орталығының мамандары тексереді.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

–  2016 жылы тестілеуге 2600-ден астам адам қатысты. 2017 жылы 5115, 2018-1981 адам өтті. Бұл ретте айта кету қажет, Айыртау, Жамбыл, М.Жұмабаев пен Ғ.Мүсірепов аудандары қатысқан жоқ.

Бұл ретте көш соңынан көрінген аудан басшылары облыс әкіміне тұшымды жауап қатпады. Бірі сертификаттың құны, яғни 5 мың теңге өте қымбат десе, екіншісі дайындық бәрібір осал, сынақтан өтудің мағынасы жоқ деді. Алайда, шаруаны реттеу қажет.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Бағасы тым қымбат емес. Алдын ала бюджетке салу қажет еді. Сондықтан, адамдар қатыса алмады. Биыл жоспарға енгізіп жатырмыз.

Мемлекеттік органдарда іс-қағаз қазақ тілінде әлі сылбыр жүргізіледі. 2017 жылы облысымыз республикалық деңгейде 3-орынға ие болса, былтыр 7-ге табан тірепті. Сөйтсек, білдей бір аймақты құжат айналымын әлі де қазақша жасай алмайтын Жамбыл мен Тимирязев аудандары артқа тартып тұр. Олқылықтың орын алуына тек аудан әкімдерінен ғана емес, тілдерді дамыту басқармасынан кеткен ағаттық себеп дейді Құмар Ақсақалов. Сондықтан, бақылауды күшейткен жоқ. Өңірдегі әскерге шақыру науқаны тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқан жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2018 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының жоспары орындалмады. Оны облыстық әкімдіктің отырысында да қарастырдық. Ал, күзгі маусым керісінше артығымен орындалды. Былтырғы жағдай тағы қайталанбақ. Биылғы көктемде Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандар өте аз. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өз жұмысын дұрыс орындамауынан туындап отыр.

Өңір бойынша биыл 4156 азамат әскерге шақырылуы тиіс екен. Алайда, бұл сан ағымдағы жылдың көктемінде бірден 10 есеге қысқарыпты.

Алмаз Тілеуханов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Олардың тек 380-і көктемгі науқанға ілікті. Бұл бізге қойылған талаптың 63 пайызы ғана. Меже Есіл, Қызылжар, М.Жұмабаев, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласында толық орындамады. Оған қоса, қазір Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүрген 761 жігіт іздестірілуде. Олардың 528-і – облыс орталығының тұрғындары.

Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері әскерге шақыруды тұрғындардың үйіне әлі күнге дейін қағаз жүзінде жолдайды екен. Көп жағдайда азаматтар өздерінің мекен жайларын өзгертіп жіберген. Бұл ретте мамандар қалалық полиция басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуге ниеттеніп отыр.

Эльмира Садвокасова