Спорт

Үстел теннисінен облыс чемпионаты бастау алды

Петропавлда үстел теннисінен облыс чемпионаты бастау алды. Жарысқа 2003-2004-ші жылдары туылған ұл-қыздар қатысып жатыр. Додада жеңіске жеткен жас ракеткашылар наурыз айының соңында Ақтөбе қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдама алмақ.

Аздаған минуттан соң мына залда үстел теннисінен облыс біріншілігі басталады. Жарысқа 50-ге тарта жас қатыспақ. Олардың арасында Петропавл қаласының спортшыларымен қатар өңіріміздің 4 бірдей ауданынан келген ракеткашылар да бар.

Серікбай Сүлейменов – СҚО спорт орталығының сектор жетекшісі:

– Үстел теннисінен облыс чемпионаты жылына 2 мәрте өтеді. Мұндай жарысты біз спорттың осы бір түрі өңірімізде дамысын деп ұйымдастырамыз. Әрі біріншілікте үздік теннисшілерді анықтаймыз.

Көп кешікпей сайыс бастау алды. Мына жерде Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласының қыздары бақ сынауда. Екатерина Пюрко облыс орталығының намысын қорғап жатыр. Оның үстел теннисімен айналысқанына 6 жылдан асқан. Ал қарсыласының тәжірибесі анағұрлым аз. Сондықтан болар, жергілікті спортшы бәсекелесін 2 де 0 есебімен оңай ұтып, бірінші жеңісіне қол жеткізді.

Екатерина Пюрко – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

–  Мен 2005 жылғы туылған қыздар арасында өткен ел біріншілігінің жүлдегерімін. Ол жарыста жұптасып өнер көрсетуде қос мәрте күміс алқа иелендім. Жекелей сында да 2 рет 3-ші орынға табан тіредім. Облыстық сайыста чемпион болғым келеді. Сол үшін барымды саламын.

Ал Дарья Лазовская Шал ақына ауданына қарасты Ақанбарақ ауылынан келіпті. Ол бұған дейін аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған екен.

Дарья Лазовская – жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Маған спорттың осы бір түрімен айналысуды ұстазым ұсынды. Оның айтқанымен келісіп, қолыма ракетке алдым. Бастапқыда қиын болды. Жеңілген сәттерде ашуланып, теннисті тастап та кеткім келді. Бірақ, олай жасамадым. Жаңа ғана күш сынасқан қарсыласымның тәжірибесі аздау. Оны оңай жеңдім.

Айта кеткен жөн, облыстық жарыс 2 күнге жалғасады. Онда жеңіске жеткен спортшылар Қазақстан біріншілігіне барады. Ел чемпионаты наурыз айының 27-і мен 29-ы күндері Ақтөбе қаласында өтпек.

Байболат  Култанов