Қоғам

Сенат депутаттары көпбалалы аналарды мерекемен құттықтады

Өңірде іссапармен жүрген Сенат депутаттары жергілікті көпбалалы аналарды 8-Наурыз мерекесімен құттықтады. Облыстық кітапханада нәзікжандылар қауымына мерекелік дастархан жайылып, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, кездесу барысында “Нұр Отан” партиясының 18-ші съезінде қабылданған жаңа шешімдер туралы айтылды.

Сәлима Сатваева Омбы музыкалық училищесінде тәрбиеші болып еңбек етіпті. Кейін 1972 жылы тұрмыс құрып, Петропавл қаласына көшіп келген екен. 3 жылдан соң тұңғыш қызы дүниеге келіпті. Бүгінде 64 жастағы нәзікжандының 7 баласы бар. Тұңғышы – 44-те болса, кенжесі – 26-да. 2006 жылы ақжаулықты ана “Күміс алқаға” ие болған.

Сәлима Сатваева – “Күміс алқа” белгісінің иегері:

– Мен өзім Омбы қаласының қызымын. Осы жаққа тұрмысқа шығып, 40 жыл тұрып жатырмын. Балаларымның бәрі жақсы, өзімді күтеді. Көктем мейрамы құтты болсын!

Мерекелік дастархан басына 30-ға жуық нәзікжанды жиылған. Кездесу барысында депутаттар оларды мейраммен құттықтап, “Нұр Отан” партиясының 18-ші съезінде қабылданған маңызды шешімдерді айтып өтті.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Көпбалалы отбасы, 1 топтағы мүгедектігі бар жандар және табысы төмен отбасыларға жаңа ипотека жасалатын болады. Бұл ипотека 20 жылға 2 процентпен беріледі. Алдын ала төлем 10 пайызды құрайды. Оны жергілікті әкімдік грант ретінде беретін болады.

Бұл жаңашылдыққа 6 баланың анасы Жібек Макашова қуанып отыр. Себебі, 39 жастағы күміс алқа иегері облыстық онкологиялық диспансерде мейірбеке болып жұмыс істейді. Енді 1-ші шілдеден нәзікжандының жалақысы 30 пайызға өспек.

Жібек Макашова – “Күміс алқа” белгісінің иегері:

– Бізге 1 шілдеден жалақымызға 30 процент қосылады, балаларымызды грантта оқытады. Енді осы жылы барлығы да орындалады деп ойлаймыз.

Жиын соңында мерекелік дастархан басына жиналған нәзікжандылар ыстық бауырсақ пен тәтті шайдан дәм татып, жергілікті шығармашылық ұжым әзірлеген концертті тамашалады.

Жалпы, бүгінде өңірімізде 2 мыңға жуық көпбалалы ана бар.

Молдир Шаяхмет