Қоғам

СҚО-да 16 мыңнан астам кәсіпкер нәзікжанды тұрады

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 37 мыңға тарта кіші және орта бизнес өкілі бар. Олардың жартысына жуығын нәзікжандылар құрайды. Әйел азаматшалар тігін ательесін басқарады, құрылыс компаниясына иелік етеді және тәтті-дәмді дайындап, жиһаз да шығарады. Солардың бірі – Елена Левина.

Елена Левина – “Левин” жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі. Ол өңіріміз түгілі, Қазақстанға аса танымал жиһаз шығаратын кәсіпорынды 29 жыл бойы басқарады. Бұл өндіріс ошағының нарықта алатын ауқымы кең. Мұнда 100-ге жуық тауар түрі әзірленеді. Бастысы дүниелер экологиялық таза, өзіміздің жерде өсетін қайың ағашынан жасалады.

Елена Левина – “Левин” ЖК жетекшісі:

–  Қайың ағашынан жасалған тауарға сұраныс аса жоғары. Бүгінде төл өнімімізді Қазақстанның барлық қаласына саудалап отырған жайымыз бар. Әрине, кәсіпкерлік әйел адам үшін қиын. Бірақ, біз оған үйренісіп кеттік. Ауыртпалыққа қарамастан, еңбек етіп жүрміз.

Кәсіпорында жасалатын жиһаздардың барлығы көздің жауын алады. Мәселен, дивандарға, жастықтарға салынған өрнектер өте әдемі. Әрі олар жұмсақ, жанға жайлы. Шкафтар, ас үйге арналған үстелдер де ерекше талғам бойынша әзірленіпті. Орындықтар да керемет.

Елена Левина – “Левин” ЖК жетекшісі:

– Біз орындықтарды өте сапалы материалмен қаптаймыз. Олар ұзақ уақыт тозбайды. Әрі кір көтереді. Әсіресе, мұндай тауарды алуға мейрамханалардан көп келеді. Сонда нысан басшылары біздің кәсіпорында жасалған дүниелердің сапалы екендігін айтып жатады. Бұған өте қуаныштымыз.

“Левин” жеке кәсіпкерлігі өндіріс ауқымын кеңейтпек. Мамыр айында жаңа цехты іске қосып, жасалатын тауар түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы, өңірімізде Елена Левина сияқты 16 мыңнан аса кәсіпкер әйел тұрады. Бұл жандар тігін ательесін басқарады, наубайхана ұстайды, тәтті-дәмді дайындайды. Тіпті, ер адамдардан қалыспай құрылыс компаниясына да иелік етеді. Айта кеткен жөн, биыл елімізде азаматшаларға іс бастауға және бизнестерін одан әрі өркендетуге үлкен қолдау танытылып отыр.

Ольга Цымбалюк – СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Биыл “Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қоры” іскер азаматшалардың жобаларын қаржыландыру мақсатында 1 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. Бұл ақшаны тұрғындар Қазақстанның халық банкінің филиалдарынан шағын несие ретінде ала алады. Қаржылық қолдау жылдық 8,5 пайыз мөлшерлемемен 84 айға беріледі. Адамдардың 10 млн теңгеге дейін несие рәсімдеуіне мүмкіндік бар.

Жалпы, былтыр қордың қолдауын 10 солтүстікқазақстандық нәзікжанды сезініпті. Олар бизнестерін өркендету үшін 84 млн теңге несие рәсімдеген екен.

Байболат  Култанов