Қоғам

Мейрам қарсаңында өңір ұстаздары бас қосты

“Көктем. Махаббат. Гүлдер және Сіздер”. Осындай атаумен Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Оқушылар сарайында мерекелік жиын өтті. Шарада өңір ұстаздары ұлықталды. Олар гүл шоқтары мен құттықтаулар қабылдап қана қоймай, әріптестерінің алдында өнер де көрсетті.

Мұғалімдік кәсіпті өміріне арқау еткен жандар жиналған залда – мерекелік атмосфера. Тартымды макияж, сәнді көйлек – нәзікжанды ұстаздар бүгін ерекше құлпырған. Олар өскелең ұрпаққа білім береді. Өз мамандықтарына қаншалықты берік болса да, ең алдымен олар – әйелдер. Сондықтан, төл мерекелері қарсаңында құттықтаулар қабылдауда.

Бәтима Сәдуақасова – педагогикалық еңбек ардагері:

– Бүгінгі мейрамды ұйымдастырушыларға көптен-көп рахмет! Әйелдер қауымының, қыздардың, немерелеріміздің көңілдері көктемнің шуағындай құлпыра берсін.

“Көктем. Махаббат. Гүлдер және Сіздер”. Мұғалима ханымдарды құттықтау салтанаты осындай атауға ие. Негізі, Солтүстік Қазақстандағы педагогтардың 80 пайызы әйелдер екен. Мереке қарсаңында оларды өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады, бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.

Ардагер ұстаздар ерекше құрмет-қошеметке бөленді. Саладағы көпжылдық еңбегі үшін оларға да тиісті марапаттар табысталды. Ендігі кезек – концертте. Тек бұл жолы сахнаға өнерпаздар емес, ұстаздардың өздері шықты.

Бұлбұл Ахмадиқызы мен Мұхит Ахметов. Бұл дуэт көпті таңдай қақтырды. Шаһардағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры әнді сирек шырқаймын дейді. Бірақ, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әріптестерін осылай құттықтауды шешкен.

Бұлбұл Ахмадиқызы – Қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Әр адам өз кәсібін таңдайды. Директорлық жұмыстың өзіндік қиындықтары болады, бірақ, пайда болған проблемаларды шеше білу керек. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Бүгінгі мерекеге өте ризамын, бәрімізге құтты болсын. Ақ жаулықты әжелеріміз, аяулы аналарымыз, сұлу қыздарымыз аман болып, заманымызда тыныштық болсын.

Бір ұстаздар сахнаға көрік беріп, ән айтып жатса, екіншілері билеп, қол шапалақтап, әріптестерін қолдауда. Шуақты мейрам қарсаңында мұғалімдер күйбің тірлік пен қауырт жұмысты бір күнге ұмытып, біраз сергіп қалды.

Аделя Серікбай – “Айнагүл” балабақшасының музыка пәні мұғалімі, Пресновка селосы, Жамбыл ауданы:

– Алла жазып, бала сүйіп, ана бақытын, әйел бақытын сезінгім келеді. Педагог ретінде де, ана ретінді де бақытты болсам деймін. Кішкентай бөбектермен жұмыс істегенде рақат аламын, олар жақсы көңіл-күй сыйлайды. Өзіме жұмысым ұнайды.

Тәрбиеші, ұстаз, сүйікті жар мен ана. Бұл маңызды міндеттерді қатар атқарып жүрген бұл жандарға қандай құрмет пен қошемет көрсетсең де артық етпейді. Жалпы, шараны ұйымдастырған өңірлік білім басқармасы мұндай форматтағы құттықтауларды дәстүрге айналдырмақшы.

Саят Ермек