Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әйелдер қауымы құрметке бөленді

Солтүстік Қазақстан облысындағы халық қалаулыларының төрттен бірі әйел азаматтар екен. Ал атқарушы органдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – нәзікжандылар. Бұдан бөлек, өңірдегі әрбір бесінші бизнесті бұрымды басқаратын көрінеді.

Қырдың қызыл нәзік қызғалдақтары. Ер азаматтар жерлес нәзікжандыларды гүл шоқтарымен қарсы алуда. Депутаттар, кәсіпкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер. Қоғамның сан алуан саласында қызмет істейтін теріскейлік азаматшалардың жүздерінде – күлкі, ал жүректерінде – жылу. Себебі, көгілдір көктемнің ең шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні жақындап қалды. Әйелдер қауымын өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов құттықтады. Аймақ басшысы оларға деген құрметтің қашан болмасын ерекше екенін тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әйел отбасының қазығы ғана емес, мемлекеттің сенімді тірегі. Қай заманда болмасын әйелдер ерлерге қолдау көрсетіп, жауға бірге шыққан. Парасатымен еліне танылған Ұлпан ана, ғалым Шоқанды тәрбиелеген Айғаным, Ақан сері әнге қосқан Балқадиша, Ақтоқты, Сегіз серінің Гауһартасы аналық пен даналықтың, тазалық пен сұлулықтың символдарына айналды.

Өңір жетекшісінің айтуынша бүгінде солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметшілердің – 63, ал мәслихат депутаттарының 29 проценті нәзікжандылар екен. Бұл – құптарлық жәйт деді, себебі әйел адам өз жұмысын аса тиянақты атқарады, тапсырманы тыңғылықты орындайды. Бірақ, қай салада еңбек етпесін, өмірге сәби әкелу, жанұяның ұйытқысы болу – әйел затының парызы. Биылдан бастап мемлекет аналарға мықты қолдау көрсетіп, жәрдемақы көлемін арттырмақ. Алдымен жиында сол ақ жаулықтылар құрметке бөленді. 6 бала тәрбиелеп отырған бірқатар көпбалалы ана “Күміс алқа” тағынды.

Алқасын алғандардың бірі мұғалім Миргүл Есмағанбетова өзін бақытты санайды, өзге бұрымдылардың бәріне де ана болу бақытын тілейді. Сөзінше, 6 бала тәрбиелеудің еш қиындығы жоқ. Керісінше, бүлдіршіндеріңнің тәтті қылықтарын қызықтағанға не жетсін дейді.

Миргүл Исмағанбетова – Лобаново орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы:

– Әр баланың Алла берген қуантарлық несібесі болады, әр бала өзінше отбасына шаттық әкеледі деп ойлаймын. Үй шаруасымен қатар кәсіпті қатар алып жүру – бұл қазіргі заман талабы және де онша қиындық тудыра қоймайды деп ойлаймын. Өйткені, отбасымыз, ата-енеміз, балаларымыз бен жолдасым көмектеседі.

Өңір жетекшісі Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үздіксіз үлесін қосып жүрген әйел азаматтарға құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады. Шынымен де, бұл күндері нәзікжандыларға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Себебі, әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді дейді.

Қымбат Исманова – педагогикалық еңбек ардагері:

– Ер азаматтың жағасының кірлемеуі, қызметінде өрлеуі, жолдастарыменен қарым-қатынасы үйіне келген қонақты қарсы алған әйеліне байланысты. Бауыржан атамыз ер азаматтарды ағаштың діңгегіне, ал аналарды сол ағаштың гүліне теңеген. Өйткені, гүлден нәр, жеміс пен тұқым болады.

Аяулы ана, сүйікті жар мен білікті маман міндеттерін қатар алып жүрген әйелдерді ұлықтау салтанаты концертпен жалғасты. Өңір өнерпаздары нәзікжандыларға ән мен биден шашу шашты.

Саят Ермек