Қоғам

Халықаралық әйелдер күні мерекесінің тарихы

Халықаралық әйелдер күні мерекесінің өзінің ерекше тарихы бар. Кеңес үкіметі кезінде мемлекет халық алдында нәзікжандылардың құқығын қорғауға байланысты атқарылған шаруа туралы есеп беріпті. Уақыт өте келе мейрам саяси келбетін жоғалта бастаған. Бүгінде ол сұлулық пен нәзіктіктің символына айналды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Біреу білсе, біреу білмес. 8-Наурыз мерекесінің тарихы тереңде жатыр. 1857 жылы бұл күні Нью-Йорк қаласының тігін және аяқ киім фабрикасында еңбек ететін әйелдер басшылыққа наразылықтарын білдірген. Қыз-келіншектер жұмыс күні мен жалақыны ер адамдардыкіне теңестіруді сұраған. Кейін, нәзікжандылардың құқығы 1910 жылдың 8-наурызында Копенгагенде тағы бір мәрте қорғалды. Бұл жолы мұндай талаппен коммунист Клара Цеткин шыққан.

Заман өзгерді. Қазіргі таңда ер адамдар мен әйелдердің құқығы тең. Алайда, нәзікжандылардың басына түсетін проблемалар әлі де бар.

Мәселелерді шешуге қыз-келіншектерді қолдау орталығының мамандары қол ұшын созады. Осымен 19 жыл бойы олар тағдыр-тәлкегіне ұшыраған нәзікжандыларды өз қамқорлығына алуда. Көбінесе мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер көмекке жүгінеді екен. Ошақ иелеріне отағасылары күн көрсетпейтін көрінеді. Амалсыздан олар сырт жақтан көмек іздеуге мәжбүр болады.

Алина Орлова – «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ төрайымы:

– 2017 жылы арнайы әйелдер үйін аштық. Осы аралықта пана іздеп бізге 100-ден астам қыз-келіншек келді. Жарты жыл бойы нәзікжандылар психолог, заңгермен жұмыс жасайды. Көбі күйеулерімен қайта татуласып жатады. Өкінішке қарай, сондайлардың 8-і біздің орталыққа екінші мәрте түрлі деңгейдегі соққылармен түсті. Көмекке жүгінетіндердің арасында балалары ұрып, үйден қуып шыққан аналар да бар.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Нәзікжандылардың құқығы және теңдік. Кеңес Одағы кезінде 8 наурыз мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болған. Ол кезде жыл сайын бұл күні әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар туралы есеп беріліпті. Уақыт өте келе мейрам саяси келбетін жоғалта бастады. Қазір 8-ші наурыз – нәзіктік пен сұлулықтың символына айналуда. Бүгінде қыз-келіншектер қошеметке бөленіп, құшақ-құшақ гүл қабылдайды.

Қазіргі таңда нәзікжандылар араласпайтын сала жоқ. Адамзаттың әдемі жартысы бастаған іс өрге домалап, гүлденеді. Әйелдер қауымы әрбір шаруаға баласындай қарап, өзінің жанын салады. Себебі, арулардың өмірдегі басты миссиясы – дүниеге сәби әкелу.

Өжет, батыл, өмірдің кез келген сынағына төтеп беретін арулардың бала туғаннан кейін көздерінен бірден ерекше жылулықты көруге болады. Міне, әлемдегі ең ыстық аналық махаббат дәл осылай дүниеге келеді. Бұл сезім Жанар Сакашеваға өте жақсы таныс. 2 жарым жыл бұрын нәзікжанды тұңғышы – Мәди атты ұлына жарық өмір сыйлаған. Ал енді қолына көктемнің шуағымен дүние есігін ашқан Айзерені алып отыр. Нағыз әйел бақыты да – 9 ай 9 күн құрсағында көтерген бүлдіршіннің тәтті күлкісін есту дейді келіншек.

Жанар Сакашева:

– Әр ананың арманы – дүниеге сәбу әкелу. Бұндай қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Баланың даусын естігенде қиналғанының барлығын ұмытасың.

Ананың бауыр еті баласын дәл осылай қолына алуы үшін бір топ дәрігерлер аянбай еңбек етеді. Солардың бірі – Ирина Блохина. Жүректің қалауымен медицина саласына келген маман мыңдаған келіншекті босандырып, дүниеге есігін ашқан бүлдіршіндерді алғаш болып қарсы алды. Ол осымен 26 жыл жауапты, өте қобалжулы, бірақ ең әдемі сәтті аналар қауымымен бірге бөлісуде.

Ирина Блохина – облыстық перинаталдық орталықтың бас акушері:

– Әрбіріміз ана мен бала үшін өте уайымдаймыз. Әрбір босандыру процесінде қобалжимыз. Бірақ, бұны ешбір акушер білдіртпейді. Қиын болғанымен, дәл осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Себебі, бақытты анаға 9 ай көтерген бүлдіршінін қолына бергендегі қуанышы бізді қанаттандырады.

Ана махаббаты мен аялы алақаны дүниедегі барлық шешімін таппас проблемаларды ұмыттыруға қауқарлы. Сондықтан, адамзаттың әдемі жартысы тек мерекеде ғана емес, күнделікті махаббат пен ықыласқа лайық.

Эльмира Сәдуақасова