Қоғам

Петропавлдық жас шебер

Капитан Американың қалқаны мен Темір адамның дулығасы. Бұл ерекше дүниелерді 23 жасар Петропавл тұрғыны жасайды. Қолөнерді ермек еткен Виктор ОбрЕвко ағаш, тері, тіпті металл сынды күрделі материалдармен жұмыс істейді екен.

Белгісіз жан танымал компьютерлік ойында кездесетін қылышты өз қолымен ағаштан жасауда. 500-ге жуық “лайк” пен ондаған пікір – бұл әуесқой бейнетүсірілім инстаграмм желісінде жерлестерімізді таңдай қақтырды.

– Жарайсың! Өз қолымен түрлі бұйымдарды жасай алатын адамдарды құрметтеймін.

– Ағаштан ойыншықтар жасайтын болса, қуана-қуана сатып алатын боламыз!

Бұйымның авторы, міне отыр. Бұл – 23 жасар петропавлдық Виктор ОбрЕвко. Ағаш семсерді жас шебер шамамен 1,5 айдың ішінде өз қолымен жасап шығарған.

Виктор Обревко – шебер:

– Ең қиыны – бұл семсердің сабындағы қасқырларды жасау. Уақыттың көп бөлігін осыған жұмсадым. Оның көздерін, тістерін ағаштан оямын деп қатты қиналдым. Қылыштың қынабын да өз қолыммен жасадым. Алғашында ағаштан әзірлеу ойда болған еді, бірақ бұған шеберлігім жетпеді. Сол себепті, теріден әзірледім.

Виктордың бөлмесінде мұндай бұйымдар жетерлік. Ол материал талғамайды. Ағаштан, темірден, тіпті қыш пен пластмассадан көз қуантарлық дүниелерді әзірлей алады. Көбіне “Марвел” кейіпкерлерінің атрибуттарын жасауды жаны сүйеді.

Саят Ермек – тілші:

– Көпке таныс темір адам – танымал американдық комистер мен блокбастерлердің кейіпкері. Оны үлкендер де, кішілер де сүйіп көреді. Батыл, күшті, оның темір костюмінен оқ өтпейді. Жас шебер Виктор аталмыш шетелдік батырдың дулығасын 4 айдың ішінде темірден жасап шығарған. шыны керек, түпнұсқадан айыру қиын. Мәселен бұйымның көздері де жанады, беткі бөлігі де алынады. Киіп көруге де болатын еді, бірақ ол менің басыма сыймайды.

Ал қабырғада Капитан Американың қалқаны ілініп тұр. Ол пластмассадан жасалған. Мынау көпшілікке танымал “Тор” есімді кино кейіпкерінің зор балғасы. Ол ағаштан әзірленген. Тіпті, әйгілі Бэтменннің темір “батарангтары” да бар. Шеберлігін жас жігіт мектеп кезінен еңбекке баулу сабақтарында шыңдай бастапты. Қазір жұмыс істейді. Ал бос уақытында сүйікті ісімен айналысады.

Виктор Обревко – шебер:

– Ғашығыма өз қолыммен сыйлық жасауды шештім. Бұл 2015 жыл болатын. Мектепте үйренгенімді еске түсіріп, ағаштан шағын әдемі картина әзірлеп шығардым. Осыдан бастап қызығушылығым оянды. Бұйымдарды жасаған кезде күйбің тірлікті ұмытып, бір сергіп қаламын. Ең маңыздысы – бұл заттарды мен сатып алған жоқпын, өз қолыммен жасадым. Мені осы қуантады.

Қазірдің өзінде Виктордың бұйымдарына сұраныс жоғары. Әлеуметтік желілерде қалқан, дулыға мен қылыш сынды эксклюзивті заттар үшін қомақты қаржы төлеп, сатып алғысы келетіндер жетерлік. Бірақ, шеберге өз қолынан туған туындылар ыстық, сондықтан оларды саудаға қойғысы келмейді. Қанша дегенмен, болашақта бизнес ашу жоспарда бар.

Саят Ермек