МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

«Нұр Отан» партиясы СҚОФ өкілдері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Өңірдегі 2 мыңға жуық отбасы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отыр. Көбіне, балғындарды аналары өсіреді. Сондықтан, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында бар жылуын бауыр еті баласына арнап келген жандарды нұротандықтар құттықтап, сыйлықтар тарту етті.

Сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап анасының махаббатын ерекше сезініп өседі. Ана – әр отбасының ұйытқысы. Сондықтан болар, барлық адамзат баласы әлемнің жарығын сыйлаған жанға мәңгі қарыздар. Мұны жиында аналар қауымын құттықтаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов та айтып өтті.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Әрбір жанның тұлға болып қалыптасуына анасының қосатын үлесі зор. Сіздердің аялы алақандарыңыз, жылы сөздеріңіз әрбір жанды қанаттандырады. Түн ұйқыларыңызды төрт болып, балғындарыңыздың тыныштығы үшін аянып қалмадыңыздар. Сол үшін де сіздерге деген алғысымыз шексіз.

Ал залға жиылған бұл жандарды шынымен батыр ана деп атауға болады. Олар мүгедек балаларды тәрбиелеп өсірген. Бүгіндері өңірде осындай 2 мыңға жуық отбасы бар екен. Олардың бірқатары бүгін нұротандықтардың марапатына ие болды. Аналар қауымына гүл шоғы мен қаладағы супермаркеттердің біріне 15 мыңға сертификат табыс етілді. Сыйлыққа ие болғандардың бірі – Зейнеп Қожабаева. Оның 3 баласы бар. Кенже қызы Алма туа бітті сал ауруына шалдыққан. Қазір жасы 34-ке келіпті.

Зейнеп Қожабаева:

– Соған қарамастан мектепті бітірді. Бірге барып апарып жүрдім. Жанында болдым. Интернатта тұрғанда тәрбиешілер көмектесті. Осындай шақырылған жерлерге бірге барамын. Баспана алдық 2 жыл бұрын. 12 жыл кезекте тұрған болатынбыз. Енді рахатын көріп жатыр балам.

Қазір алып жатқан жәрдемақымыз да ел қатарлы өмір сүруге жетерлік дейді ана. Ал 2-ші топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған асыл жандар жәрдемақы жүйесін қайта қарастырылғанын қалайды.

Наталья Емельянова – «ОРИДИ» ҚБ төрайымы:

– 1-ші топтағы мүгедек балаларымен отырған аналарға бүгіндері мемлекет тарапынан қаржы төленеді. Ал менің 2-ші топтағы қызым бар. Ол өздігінен қозғала алмайды. Мен үнемі соның қасындамын. Сол себепті, жұмысқа да шыға алмаймын. Ондай аналар бізде көп. Бірақ, бізге ешбір қаржы қарастырылмаған. Балаларымыз ғана жәрдемақы алады. Біздің де деңгейіміз 1-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі балғындарды тәрбиелеп отырған жандарға теңестірілсе екен дейміз.

Жиын соңында аналардың құрметіне концерт ұйымдастырылды.

Магжан Ахмадина