ТЖ

Өңір құтқарушылары су тасқынына сақадай сай

Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов БАҚ өкілдерімен жүздесті. Жиында өңірдің бас құтқарушысы жыл басынан бері аймағымызда орын алған өрт оқиғаларын жіпке тізіп, қызыл жалынның зардабын баяндады. Бұдан соң аталған ведомство басшылығы жеке құрамның көктемгі су тасқынына әзірлігін байқап, техника мен қондырғылардың мүмкіншілігін көрді.

Жыл басынан бері облыс аумағында өрт оқиғасы 122 мәрте орын алған. Қызыл жалын салдарынан 9 адам мерт болып, 5 тұрғын жарақат алыпты. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 26 млн теңгеден асады. Тілсіз жау көп жағдайда жеке тұрғын үй секторында шыққан.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Үстіміздегі жылы тіркелген төтенше жағдайлардың 87%, яғни 106-сы жер үйлерде орын алды. Мамандар от шыққан баспаналарға сараптама жүргізген еді. Сонда 47 өрт оқиғасының / пешті дұрыс салмау және жөнді пайдаланбау салдарынан болғаны анықталды. Сол себепті, тұрғындар жылыту қондырғысын қолдану бойынша қауіпсіздікке аса мән берулері қажет.

Облыста иіс тиіп дәрігер көмегіне жүгінгендер де бар. Мәселен, жыл басынан бері 12 адам тұншықтырғыш газдан уланыпты. Өкінішке қарай, оның 1-еуі қайтыс болған. Осы орайда өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов төтенше жағдайлардың алу бағытында қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында облыстағы аз қамтылған және көпбалалы 43 отбасының үйіне арнайы қондырғы орнатылды. Ол құрылғы газ бен түтін сезілген сәтте бірден дабыл қағады. Айта кеткен жөн, құрылғылар департамент есебінен қойылды. Алдағы уақытта бұл іске жергілікті басқарушы органдарды тартқымыз келеді. Бізге қаржы бөлсе, датчиктерді тұрғындардың сұратуы бойынша орнататын боламыз.

Кейін, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы бастаған топ №2 қалалық өрт сөндіру бөлімінде болды. Мұнда жеке құрамның көктемгі су тасқынына дайындығын байқады. Оған қоса техникалар және қондырғылардың мүмкіншіліктерімен танысты.

Кайықтар, су сору қондырғылары мен құтқару жилеттері. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде осы және өзге де 700-ден аса құрылғы бар екен. Олардың кейбірі өткен жылы алыныпты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өткен жылы біздің департаментке республикалық қаржы есебіне 62 мотопомпа алынды. Онымен қатар өтімділігі жоғары 11 су сорғыш құралы берілді.

Ал қауырт мерзімде қызмет ететін мамандардың саны 1300-ден асады. Айта кетейік, биыл өңірде қар өткен жылға қарағанда 6 есе көп түсті. Сондықтан, бірқатар елді мекендерді су басу қаупі бар. Мамандардың сөзінше теріскейдегі 92 ауылға тасқын зардабы тиюі мүмкін.

 

 

Култанов Байболат